Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

4 күн бұрын түрмеден шыққан ер адам бөтен біреудің көлігін ұрлап кеткен

Алматы қаласының полицейлері көлікті заңсыз иемдену қылмысын ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іздеуде болған «Мазда – 626» маркалы автокөлігін патрульдік полиция қызметкерлері тұрғын үйлердің жанынан тапқан. Мас адам жүргізуші орындығының артына жасырынған. Көлікті тексерген кезде нөмірлік белгілер басқа көлікке тіркелген болып шықты, ал «Мазданың» өзі ұрланған көліктер тізімінде тұр.

– Жауап алу кезінде ер адам үйіне жету үшін көлікті ұрлағанын мойындады. Көліктің құлпын ашып, оны бұрағышпен айдап алып кетіп, оған басқа көліктен ұрлап алған мемлекеттік нөмірлерді орнатқан. Күдікті ұрланған көлікті қаладан айдап әкетпек болған. Ол бұрын осындай әрекеттері үшін бірнеше рет сотталған. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 200-бабымен (Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жауап алу барысында күдікті көлікті  Жамбыл облысына қосалқы бөлшектер ретінде сату мақсатында ұрлағанын мойындады. Өзі Жамбыл облысының тумасы. Қазіргі уақытта оның  Алматы қаласында тағы да осындай екі қылмысқа қатысы бар екені анықталды, – деді Алатау аудандық Полиция басқармасының бастығы Ілияс Өмірсеріков.

Өз кезегінде оқиға орнына мүліктерін алу үшін келген жәбірленушілер полиция қызметкерлерінің кәсіби шеберлігіне және мүліктерінің қайтарылғанына ризашылықтарын білдірді.

 – Мен Алматы облысынан қонаққа келдім. Көлігімді тұрғын үйдің ауласына тастап кеттім. Түнгі сағат 01.30 шамасында мен көліктің жоқ екенін байқадым, содан кейін дереу полицияға көлігімді ұрлау фактісі туралы жүгіндім. Келесі күні таңертең полиция қызметкерлері хабарласып, осында келуім керектігін айтты. Мен көлігімнің қайтарылғанына өте қуаныштымын. Алматы қаласының полицейлеріне қырағылық танытып, қылмысты тез ашқаны үшін ризашылығымды білдіремін, – деді ұрланған көліктің иесі Асқар.

Полицейлерге мемлекеттік тіркеу нөмірі ұрланған жәбірленуші де алғысын білдірді.

– Нөмірі жоқ көлігімді түнде Райымбек даңғылының бойында қалдырдым. Нөмірім бір жерде түсіп қалды немесе полиция қызметкерлері қандай да бір әкімшілік құқық бұзушылық үшін шешіп алды, қалай болғанда да мен проблеманы таңертең шешермін деп ойладым. Таңертең маған полицейлер қоңырау шалып, нөмірімді алып кетуді өтінді. Нөмірімді тауып бергені үшін полицейлерге алғыс айтамын, – деді Асхат.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру