Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

40 мың теңге үшін 10 жылға сотталды: СҚО-да есірткі таратушыға үкім шықты

СҚО-да полиция қызметкерлері ұстаған есірткі таратушыға үкім шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сәуір айының басында 22 жастағы петропавлдық жеңіл ақша табамын деп есірткі сатумен айналысатын интернет-дүкенде жұмыс істей бастаған. Бір айға жетер-жетпес уақытта оның бұл «жұмысы» 40 мың теңге табыс әкеліпті. Алайда көп ұзамай есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жас жігітті осындай кезекті әрекетін іске асырып жатқанда қолға түсірді.

Жеке тінту кезінде одан синтетикалық есірткі салынған түйіншектер табылды. Кейін жауап алу нәтижесінде қаланың шеткері аудандарында және саяжай қоғамдастықтарының бірінде есірткі жасырған орындар анықталды. Жалпы салмағы 14,92 грамм болған α-PvP есірткісі және 22,15 грамм мефедрон тәркіленді.

– Электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы өткізу мақсатында аса iрi мөлшерде есірткі сақтау фактісі бойынша қаралған тергеу материалдары сотқа жіберілді. Сот жігітті кінәлі деп тауып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім заңды күшіне енді. Жыл басынан СҚО-да есірткі өткізгені үшін 25 жасқа дейінгі 25 адам сотталды. Олардың қылмыстық әрекеті орташа есеппен алғанда 3 айдан аспайды. Есірткі өткізу бас бостандығынан айыруға әкеп соғатынын естен шығармауды сұраймызі, – дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру