40 жылдан астам еңбек өтілі бар: ІІО баспасөз қызметінің майталманы Салтанат Қаракөзова құрметті демалысқа шықты
ІІО баспасөз қызметінде 40 жылдан астам еңбек еткен Салтанат Қаракөзова құрметті демалысқа шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығарып салу рәсімі Шымкент қаласы полиция департаментінің мәжіліс залында өтті. Жиында сөз бастаған департамент бастығы Думан Таев ІІО-ның дамуына және халық алдында полицияның оң имиджін қалыптастыруға елеулі еңбек сіңірген, ақпарат саласында айрықша орны бар Салтанат Қаракөзоваға Отанға адал қызметі үшін алғыс білдірді.
40 жылдан астам еңбек өтілі бар, қоғамда зор беделге ие, өз ісіне тиянақты, шындыққа тура қарайтын погонды полицей халық пен билік арасындағы алтын көпірге айнала білді.
Бұған дейін Салтанат Қаракөзова Ақтөбе, Алматы, Астана, Ақмола облысы, бұрынғы ОҚО, Түркістан облысы және Шымкент қаласының полиция департаменттерінде жұмыс істеген. Бүгін де полицияда қызмет етудің шекті жасына жетуіне байланысты құрметті демалысқа шықты.
Осыған байланысты полиция департаментінің бастығы Думан Таев оған алғыс хат, гүл шоқтары мен арнайы сый-сияпаттарды табыстай отырып, өмірінің ең қымбат жылдарын полициядағы қиын қызметке арнағаны үшін, алға қойған міндетті адалдықпен атқарып, жас буынға үлгі болғаны үшін шынайы ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ қатардағы әріптестері де Салтанат Қаракөзованың іскерлігі мен кәсіби шеберлігін ерекше атап өтіп, құрметті демалысқа шығуымен шын жүректен құттықтады.
Өз кезегінде осы салада 40 жылдан астам уақыт еңбек еткен Салтанат Қаракөзова әріптестеріне ізгі тілектер мен айрықша сый-құрмет үшін алғыс білдіріп, тәртіп сақшыларының қызметіне шығармашылық шабыт тіледі.