45 атыраулық Армениядан әкелген көліктерін тіркеді
Атырау қаласында екі күнде Армениядан әкелінген 45 көлік тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырауда маусымның 1-нен бастап Армениядан әкелінген көліктер тіркеліп жатыр.
Үкімет қаулысына сәйкес, ҚР азаматтарына тіркелген Армениядан 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген рульі сол жақта орналасқан көлік құралдарын тіркеу басталған болатын.
– Атырау қаласында екі күнде Армениядан әкелінген 45 көлік тіркелді, – деді Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Мырзалы Өтеғалиев. Автокөлікті мемлекеттік тіркеу үшін алым – 695 теңге, техникалық төлқұжат үшін баж – 3473 теңге, мемлекеттік нөмір үшін – 7778 теңге төлеу қажет.
Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында Армениядан әкелінген көлік тіркеу ережелерін түсіндіру үшін Call-орталығы күн сайын сағат 09:00-ден 19:00-ге жұмыс істейді.
Тіркеу басталған екі күнде көлік иелері Мырзалы Өтеғалиевтен өздерін мазалаған көптеген сауалдарына жауаптар алды.
– Неліктен сары нөмір беріледі? Неге оң жақ рөлді автокөліктерді және оң жақтан сол жаққа рөлі ауыстырылған көліктерді тіркеуге болмайды? деген сауалдар өте көп қойылады. Әкелінген автокөліктер Арменияның уәкілетті органдарында есепте тұратындықтан, тіркеу кезінде Қазақстанда оларға басқа мемлекетте тұрақты тіркелген көлік құралдары үшін сары фонда нөмірлер беріледі. Басқару органдары оң жақтан сол жаққа орналасқан, қайта жабдықталған автомобильдер меншік иесі көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік бергеннен кейін ғана тіркелуге жатады. Көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлікті сауда және интеграция министрлігі аккредиттелген сынақ зертханалары береді, – деді Мырзалы Өтегалиев.