45 жастағы ақтөбелік үйінде заңсыз қару сақтаған
45 жастағы ақтөбелік үйінде заңсыз қару сақтаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау мақсатында 2-15 ақпан аралығында Ақтөбе облысының аумағында «Қару» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шараның алтыншы күнінде заңсыз айналымнан 15 бірлік атыс қаруы, оның ішінде ойық – біреу, тегіс ұңғылы – 12, бір газды, бір электрлі, сондай-ақ 47 суық қару (пышақ) тәркіленді.
Тексеру барысында қаруды заңсыз сақтағаны үшін – 13, қаруды сақтау және алып жүру ережелерін бұзғаны үшін – 83 және қаруды қайта тіркеуді бұзғаны үшін – 47, барлығы 143 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Мысалы, полиция қызметкерлері шара барысында Мәртөк ауданының 45 жастағы тұрғынының үйінен заңсыз сақталған маркасы белгісіз мылтық тауып, тәркіледі.
Ер адамның айтуы бойынша, мылтықты қамыс арасынан тапқан. Сараптама тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.