5 айлық сәбиі бар сотталған әйелге ҚАЖ қызметкерлері көмек көрсетті
Абай облысында 5 айлық сәбиі бар сотталған әйелге ҚАЖ қызметкерлері көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz
Аяғын шалыс басып, қаржылық пирамида құрғаны үшін айыпталып, бес жылға бас бостандығынан айырылған 30 жастағы сотталған Абай облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №21 мекемесінде жазасын өтеуде. Қазіргі уақытта сотталған әйел мен баласы колония қабырғасында мекеме қызметкерлерімен дайындалған арнайы бөлмеде тұрып жатыр. Кішкентай қыз қазір 5 айлық, бұл әйелдің отбасындағы бесінші баласы екен.
Мекеме қызметкерлері кішкентай бөбекке қажетті заттарды жинап, бесік пен маусымдық киімдер, ойыншықтар және басқа да қажет заттармен көмек көрсетті. Қызметкерлер анаға қолдау білдіріп, бір қуантты. Мұндай үлкен көмекке ие болып, бір марқайып қалған көпбалалы сотталған ана өз ризашылығын білдірді.
– Мен өз кінәмді мойындаймын. Қылмыс жасағаныма қатты өкінемін. Егер, бұның бәрін өзгертуге мүмкіндігім болғанда, қайталамас едім. Сотты болған кезде аяғым ауыр еді. Қалай босанып, тәрбиелеймін деп қатты қорықтым, алайда Алла берген соң, босану керек деп шештім. Маған демеу болып, көмек көрсетіп, қамқорлық пен ілтипат көрсеткен қызметкерлерге алғысым шексіз. Қашан да жасаған жақсылықтарың Алладан қайтсын, – деді сотталған әйел.
– Сотталғандарға қолдау көрсету, өмірде өз жолдарын табуына көмектесу, ортаға бейімделіп кеткенше қайта қылмыс жасауына жол бермеу, түзелу жолында әрдайым көмек көрсетіп, жанашыр болу – біздің басты парызымыз, – деді мекеме бастығының орынбасары Н. Баяхметов