50 адамды жинап, жиын ұйымдастырғандар жауапқа тартылуда
Түлкібастық полицейлер карантин талаптарын сақтамаған 600-ге жуық тұрғынды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі таңда Түлкібас ауданы бойынша карантин уақытында белгіленген талаптарды бұзған жалпы 585 жайт анықталған. Оның ішінде 368 тұрғын бетперде тақпағаны бойынша болса, 16 дерек той-жиын жасағандар.
Мәселен рейд барысында Түлкібас ауданының белгілі көшелерінде орналасқан тойханалардың бірінде 50-ден астам тұрғынды жинап, жиын жасағаны белгілі болды. Аталған дерек бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, аудандық сотпен қаралып, кінәлі азаматтарға қатысты айыппұлдар салынды.
Түлкібас ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері басқа да мүдделі органдармен бірлесіп, эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне орай карантин режимінің сақталуынын бақылау бойынша мобильдік топ іс-шараларды жүргізуді жалғастыруда.
Мобильдік топтар азаматтардың, сауда және ойын-сауық орындарының, дүкендер мен базарлардың иелерімен, сондай-ақ адамдар көп жиналатын қоғамдық орындарды және көшелерде өзін-өзі оқшаулау режимінің сақталуын тексеруде.
Өз кезегінде облыс полицейлері ескертеді: карантин кезінде той-жиындар, басқосулар, отбасылық, мерекелік, ұжымдық іс-шараларды ұйымдастыруға тыйым салынған. Оған қоса бетперделік режим мен арақашықтықты үнемі сақтау міндеттеледі.