500-ден астам жүргізуші көліктерін белгіленбеген орынға қойған
Ақмола полицейлері 500-ден астам көлік құралдарын дұрыс қою ережелерін бұзушылықтарды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері көлік құралдарын қою ережелерін бұзушылықтарды тұрақты түрде анықтауда.
2020 жылдың басынан бастап облыс аумағында полиция қызметкерлері аялдау немесе тұрақ ережелерін бұзудың 573 фактісін анықтады, оның ішінде тротуарда, гүлзарларда, балалар немесе спорт алаңдарында аялдау немесе тұрақтау – 125, басқа көлік құралдарының қозғалысына кедергі келтіретін көлік құралдарын жүріс бөлігінде тоқтату немесе қою ережелерін бұзу – 11 факті.
Сонымен қатар жыл басынан бастап полиция қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі жүргізушілерге арналған орындарда көлік құралдарын тоқтату немесе қою ережелерін бұзудың 89 фактісін анықтады.
Көлікті дұрыс қоймағаны үшін үштен 15 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынатынын айта кету керек. Көлікті тротуарда, балалар алаңында, гүлзарда (көгалдарда), спорт алаңында, мүгедектерге арналған орындарда заңсыз қойғаны немесе басқа көлік құралдарының қозғалысына кедергі жасағаны үшін 10 АЕК, жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін – 15 АЕК айыппұл салынады. Ақылы көлік тұрағын төлеуден жалтарғаны үшін айыппұл – 3 АЕК және қайталанған жағдай үшін 5 АЕК. Аялдама және тұрақ ережелері саласындағы барлық басқа бұзушылықтар үшін айыппұл 5 АЕК, қайта бұзушылық үшін – 10 АЕК құрайды.
Осыған байланысты полицейлер жүргізушілерден көліктерді жолдың жүріс бөлігінде қалдырмауды сұрайды және көлік қоюға арналмаған орынға қойғаны үшін айыппұл салынатынын еске салады.