Қызылордалық полицейлер мал ұрлығына қатысы бар екі күдіктіні ұстады
Қызылордада бөтеннің сиырын сойып алып кеткен қасқөйлар құрықталды, – дп хабарлайды Polisia.kz.
Жалағаш аудандық полиция бөліміне Есет батыр ауылының тұрғыны сиырының жоғалып кеткені туралы арызданған.
Тексеру жұмыстарының нәтижесінде маусым айында белгісіз біреулердің Жаңадария ауылына қарасты «Құмбөгет» мал жайылымынан бір бас сиырды сойып алып, оқиға орнынан бой тасалағаны анықталды.
Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері өткізген жедел-іздестіру іс-шараларының барысында күдіктілер анықталып, ұсталды. Олар еш жерде жұмыс істемейтін Қызылорда қаласының 46 жастағы тұрғыны және Есет батыр ауылының 54 жастағы тұрғыны болып шықты. Айғақ заттар алынды. Қазіргі таңда күдіктілер қамауда.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-1-бабының 3-бөлігімен (Мал ұрлау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.