Қоғамдық жұмыстар-сотталғандарды түзеу тетігі
Алматы облысында жыл басынан бері 790 сотталған азамат қоғамдық жұмыстарға тартылған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдық жұмыстар – жаза түрлерінің бірі ретінде, сотталған адамның жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарда ұйымдастыратын, белгілі бір біліктілікті талап етпейтін, тегін қоғамдық пайдалы жұмыстарды орындауынан тұрады.
Сондай – ақ бұл құқық бұзушыны қоғамға пайдалы және бюджет қаражатын үнемдеуге ықпал ететін қоғамдық еңбекпен түзетуге мүмкіндік беретін құқықтық институт.
Алматы облысы бойынша ҚАЖД-де жыл басынан бері 790 сотталған азамат қоғамдық жұмыстарға тартылған. Бүгінгі таңда 96 сотталған азамат жергілікті атқарушы органдар белгілеген орындарда қоғамдық жұмыстар атқаруда. Облыс бойынша қоғамдық жұмыстардан жалтарған 19 сотталған азаматтың жазасы қамау түріндегі жазаға ауыстырылды.
– Қоғамдық жұмыстарға тарту жазаның жаңа түрі емес. Әлемде бұл жаза алғаш рет Швейцарияның Қылмыстық кодексіне 1971 жылы енгізілді. Қазақстанда қоғамдық жұмыстар жазаның дербес түрі ретінде 1998 жылы қолданыстағы Қылмыстық кодекстің қабылдануымен пайда болды, соңғы жылдары қоғамдық жұмыстарға сотталғандардың саны арта бастады. Жергілікті жерлерде сотталғандардың тиісті жұмыстарды орындауын бақылау үшін біз жақын маңдағы аудандардың жұмыстарын тексеруді жүзеге асырдық, – деді Алматы облысы бойынша пробация қызметін басқару бөлімінің бастығы Рашид Ержігітов.