65 адам эвакуацияланды: Абай облысында жолдағы жағдай полиция бақылауында
Елімізде ауа райы нашарлады. Абай облысын полиция жолдағы жағдайды үздіксіз бақылауда, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында ауа райының нашарлауына байланысты азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және іс-қимылды үйлестіру мақсатында полиция департаментінде жедел штаб құрылды.
Облыс жолдарындағы жағдай тұрақты бақылауда. Жедел штаб әр 30 минут сайын трассалардың жай-күйі туралы жаңартылған ақпарат алып отырады.
Қазіргі уақытта облыс орталығынан шығатын барлық бағыт жабық. Шығу жолдарында блок-бекеттер орнатылған, онда полиция қызметкерлері жүргізушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жолдарды жабуды қамтамасыз етіп, азаматтарға қажетті көмек көрсетуде.
Жылыну бекеттеріне 65 адам, оның ішінде 16 бала жеткізілді. Блок-бекеттерде 400-ден астам көлік тұр, оның ішінде дизель отынымен жүретін жүк көліктері бар.
Полиция департаменті азаматтарды ауа райы жағдайы жақсарғанға дейін жолға шықпауға, полиция қызметкерлерінің ұсынымдары мен нұсқауларын қатаң сақтауға және қажет болған жағдайда көмек сұрап жүгінуге шақырады.