8 адамды алдаған Степногорск тұрғынын ақмолалық полицейлер қолға түсірді
Ақмолалық полицейлер пластикалық терезе орнатамын деп, тұрғындарды алдаған алаяқты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Степногорск қаласының полиция қызметкерлері пластикалық терезелер жасау бойынша қызмет көрсетуші болып таныстырған алаяқты ұстады. Ол клиенттердің ақшасын алып, бірақ міндеттемелерін орындамаған. Полицияға арыз бірден сегіз зардап шегушіден түскен.
Интернетте және аялдамаларда орналастырылған терезе орнату бойынша қызметтер көрсету туралы хабарландырулар арқылы 2020 жылдың қыркүйек-қазан айларында алаяқтар өз қызметтерін нарықтағыдан төмен бағаға ұсынған.
Мәселен, ағымдағы жылдың 1 маусымында полицияға тағы екі зардап шегуші көмек сұрап жүгінді, олардың әрқайсысы қаскүнемге 102 мың теңгеден берген. Жедел-іздестіру шаралары барысында Степногорск қаласының 38 жастағы тұрғыны анықталды. Мойындау айғақтары бар.
Қазіргі уақытта барлық фактілер бойынша ҚР ҚК 190-бабының 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу кезеңінде қамауға алу бұлтартпау шарасы таңдалды.