8 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған қызылордалық мас жүргізуші тағы да рөлге отырды
Сегіз жылға жүргізуші куәлігінен айырылған қызылордалық мас жүргізуші тағы да рөлге отырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласының тұрғыны 22 қараша 2020 жылы сегіз жылға жүргізуші куәлігінен айырылса да, мас күйінде көлік тізгініне қайта отырған.
Рейдтік жұмыстар барысында қаланың орталық көшелерінің бірінде жол жүрісі қағидаларын бұзған жеңіл автокөлігі тоқтатылды. Құжаттарын тексеру барысында мас жүргізуші бұрын сот шешімімен куәлігінен айырылғаны анықталды.
29 жастағы жүргізушінің тағы да мас күйінде автокөлік басқарғаны анықталды. Құқық бұзушы уақытша ұстау изоляторына қамалып, автокөлік айып алаңына қойылды.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігімен (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.