8500 форель балығына қатысты қылмыстық іс тіркеліп жатыр
Алматы облысының полицейлері 8500 форель балығына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
24 мамырда Талғар аудандық Полиция басқармасының кезекші бөліміне форель шаруашылығының директоры жасанды су айдынында су беруді тоқтату салдарынан 8,5 мың қолда өсірілетін тұщы су форель балығының қырылғандығы туралы арызданған. Директордың айтуы бойынша, жалпы шығын мөлшері шамамен тоғыз миллион теңгені құрайды. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 204-бабы 1-бөлігі (бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді тіркелді.
– Іс бойынша шығынның нақты сомасын анықтау үшін тиісті сараптамалар тағайындалды. Форель-лосось тұқымдас балық. Оның табиғи тіршілік ортасы-тау өзендері, сондықтанда ол таза ағынды суды қажет етеді. Оны өсіру үшін оңтайлы температура-16-19 градус. Температура жиырма градустан асса өсім баяулайды, ал одан жоғары болса — балық өле бастайды. Форельдің жылуға сезімталдығы соншалықты, оны ерекше қолғапсыз қолға алуға болмайды, қалыпты дене температурасы балықты күйікке әкелуі мүмкін. Сондықтан да олар үшін таза судың тұрақты ағыны өте маңызды. Аталған жағдайдайда, шлюзді абайсызда жабу салдарынан балықтар қырылып қалған,- дейді Талғар аудандық Полиция басқармасының басшысы Ерлан Қасым.
Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде су беру шлюзін жапқан Талғар қаласының 37 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды. Ұсталған адам мекен-жайын өзгертпеу туралы қолхатпен босатылды.