9,5 млн теңге: Атырауда айыппұлы төленбеген екі көлік арнайы тұраққа қойылды
Атырауда ірі көлемде айыппұлы төленбеген екі көлік арнайы тұраққа қойылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері мен Жедел басқару орталығы жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегін, айыппұлдарын төлемей жүрген автокөліктердің жүргізушілерін анықтау мақсатында бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр.
Мәселен, 16 маусым күні сағат 22:30 шамасында ЖБО қызметкерлері сот қаулысымен бағыттамада тұрған Toyota Land Cruiser автокөлігін анықтап, патрульдік полиция қызметкерлеріне хабарлаған. Тексеру барысында автокөліктің 9 млн теңге көлемінде төленбеген айыппұлы бар екендігі анықталды.
Сондай ақ сағат 01:20 шамасында ЖБО-ның бейнебақылау қызметкерлері Interceptor іздеу жүйесі арқылы Атырау – Доссор тас жолындағы жанармай бекеті тұсында Армения елінде тіркеуде тұрған Nissan Quest автокөлігін анықтап, патрульдік полиция қызметкерлеріне бағыттама берген.
Тексеру барысында автокөліктің 500 мың теңге көлемінде төленбеген 26 айыппұлы бар екені анықталды. Қазіргі таңда тиісті іс-құжаттар жинақталып, екі автокөлік арнайы тұраққа қойылды.
Осы ретте атыраулық полицейлер жол ережесін қатаң сақтап, айыппұлдарды мерзімінен кешіктірмей өтеу керектігін ескертеді.