Түркістан облысында заңсыз мал тасымалдаған көлік анықталды
Түркістан облысында заңсыз мал тасымалдаған көлік анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырар ауданы ПБ-ның қызметкерлері мал ұрлығын алдын алу мақсатында жоспарға сәйкес профилактикалық іс-шараларды жиі ұйымдастыруда. Тәртіп сақшыларының күнделікті атқарып отырған жұмыстарының нәтижесінде, Отырар ауданы Арыс ауылы көшесінің бірінде ВАЗ-21115-ке тіркеме тіркеп, мал тасымалдап бара жатқаны анықталды. Аталмыш көлік иесі алты бас қойды ветеринариялық ілеспе құжатынсыз сату мақсатында мал базарға алып бара жатқан.
Белгілі болғандай, екі бас қой көлік иесінің малы болса, қалған төрт бас қой жолаушының уақ малы болып шықты. Полиция қызметкерлері аталған мал иелеріне қатысты ӘҚБтК-нің 406-бабы (Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу) бойынша хаттама түзді.
Сонымен қатар жинақталған іс құжаттарды заңды шешім қабылдау мақсатында тиісті орынға жолдады.
Отырар ауданының полицейлері мұндай рейдтік іс-шаралар жиі өткізіліп тұратындығы туралы хабарлайды. Сондай-ақ мал ұстаушы аудан тұрғындарына келеңсіз жағдайлар орын алмас үшін, өз жеке меншік малдарының қараусыз немесе бақташысыз жүрмеуін қадағалауды және ветеринарлық құжат рәсімдеп, түгел таңбалап сырғалау жұмыстарын жүргізу керектігін ескертеді.