Маңғыстауда ұрланған мотоциклмен 5 жылқыны жымқырған екеу ұсталды
Маңғыстау облысында ұрланған мотоциклмен бес жылқыны қолды еткен екеу ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Желтоқсан айының басында Қарақия аудандық криминалдық полиция бөлімшесіне Қарақия ауданының «Самолёт ойы» деп аталатын жерінде мал ұрлығымен айналысатын екеу туралы жедел хабарлама келіп түсті.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері Жетібай-Құрық тас жолында ГАЗель автокөлігін тоқтатты.
Көлікті тексеру кезінде көк түсті мотоцикл табылды.
Күдіктілер дереу полиция бөліміне жеткізілді. Олар ауылдың 19 және 33 жастағы тұрғындары болды.
Белгілі болғандай, мотоцикл ауыл тұрғындарының бірінен мал ұрлығымен айналысу мақсатында ұрланған. Сонымен қатар, қазіргі уақытта олардың мал ұрлығының үш фактісіне қатысы бар екені анықталды. Олар өз әрекеттерін мойындады. Заттай дәлелдемелер алынды.
Мал ұрылары барлығы 5 жылқыны ұрлап, жәбірленушілерге 1,3 млн теңге мөлшерінде материалдық шығын келтірген. Полиция қызметкерлері ұсталғандардың басқа да ұқсас қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр.
Аталған факт ҚР ҚК 188-бабы (Ұрлық) және 188-1-бабы 3-бөлігі (Мал ұрлығы) бойынша тіркелді. Тергеу амалдары жүргізілуде. Қаскүнемдер уақытша ұстау изоляторына қамалды.