Сайрамдық сақшыларға халық атынан ардагерлер алғыс білдірді
Сайрамдық сақшыларға халық атынан ардагерлер алғыс білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінде Түркістан облысы Сайрам ауданына Шымкент қаласынан кіретін негізгі жолдарда, атап айтқанда Қарасу, Бозарық, Қарабұлақ және Қарамұрт блок-бекеттері тәулік бойы жұмыс істеуде. Қазіргі таңда күш құрылымдары шаһарға кіріп-шығатын әрбір көлікті күні-түні жіті тексеруде.
Төтенше жағдай енгізілген күннен бастап Сайрам АПБ-мен ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы (Төтенше жағдай режимін бұзу) бойынша 84 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде Сайрам аудандық сотымен 66 әкімшілік іс қаралған.
Осы тұста қыстың суығында, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, блок-бекеттерде кезекшілікте қызмет атқарып тұрған полицейлер мен әскерилердің жағдайын білуге ардагерлер келді. Яғни, аудандық ішкі істер органдары ардагерлері ізбасарларына қолдау көрсетіп, ыстық тамақпен қамтамасыз етті.
Ардагерлер Данышпан Андасбеков пен Болат Салыбеков сарбаздарға алғыстарын білдіріп, елді сабырлыққа шақырды.
– Ішкі істер саласында қызмет ету бұл – нағыз ердің ісі. Ел-жұртыңның басына күн түскенде, етігіңмен су кешуге дайынсың. Біздің қазақ полициясы да осынау қиын шақта қызметтерін мінсіз атқаруда. Ал туған жеріміз Сайрам ауданында полицейлердің жедел әрекеті арқасында жағдай тұрақты. Сол үшін де рақмет, тұрғындар атынан алғыс білдіреміз!, – деп атап өтті ардагерлер.