Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістандық полицейлер сервистік полиция аясындағы жұмыстарды жандандыруда

Түркістандық полицейлер сервистік полиция аясындағы жұмыстарды жандандыруда, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы Төлеби төрінде ПД бастығы Мұрат Қабденовтің тапсырмасымен ауқымы кең шара ұйымдастырылды. Іс-шараға Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Асылжан Қалдарбеков, Төлеби ауданының әкімі Төлеген Тұртайұлы, мәслихат хатшысы Нұрлан Хамзаұлы, Түркістан облысына қарасты 17 ауданындағы ішкі істер органдарының ардагерлері, полицияның жеке құрамы мен БАҚ өкілдері қатысты.

Ең алдымен Асылжан Қалдарбековтың басқаруымен және Кадр саясаты басқармасының бастығы Мақсат Асқаровтың, ішкі істер органдарының ардагерлер алқасының төрағасы Оспанғазы Жанқожаевтың, облыстағы тәртіп сақшыларының қатысуымен Төлеби АПБ-нің мәжіліс залында семинар жиналыс өткізілді.

Онда Түркістан облысын қылмыссыз аумақ қатарында болуы, алдағы жоспарлар, ҚР Президентінің Жолдауларында айтылған тапсырмалар, «Жаңа Қазақстан» бағдарламасы, полицияның сервистік модельге көшуі, халыққа ашық әрі қолжетімді ету аясындағы жұмыстар талқыланып, пысықталды.

Осыдан соң ПД бастығының алғыс хаты аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы мен мәслихат хатшысы Нұрлан Хамзаұлына тарту етілді. Сонымен қатар, ІІО ардагерлер кеңесінің мүшелері де қылмыстық ахуалдың тұрақтылығына үлес қосқандары үшін марапатталды. Ал қызметтік міндеттерін адал атқарып, қылмысты «ізін суытпай» ашқандары үшін Түркістан облысы ПД-нің алғыс хатымен полицей Жандос Оразбеков пен Нұрқожа Исмаилов марапатталды.

Одан кейін іс-шара спорттық сайыстармен жалғасын тапты. Алғаш болып, Макаров тапаншасымен атыс жарысы өткізілді. Полицей үшін дәлдік пен шапшаңдық өте қажет қасиет болса, бұл байқауда полицейлердің жылдамдығы, көздеген нысанасынан мүлт кетпейтіндігі сынға түсті. Иә, полицей шымыр, шапшаң, спортқа бейім, шыныққан болуы қажет. Бұл үшін тәртіп сақшылары күнделікті салауатты өмір салтын ұстанып, арнайы жаттығуларды тұрақты жасап отырады.

Осы орайда шағын футболдан жарыс өтті. Оған Түркістан облысының полицейлері, ішкі істер саласының ардагерлері, сондай-ақ 17 ауданның кадр жөніндегі орынбасарларынан құралған команда мен Төлеби отбасы үлгісіндегі балалар ауылының екі командасы қатысты.

Бұл шараның негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын ұстануға жастарды бағыттау, яғни полицейлер мен зейнеткер ішкі істер орган қызметкерлерінің дағдыларын үлгі ету. Жасыл алаңда командалар өздерінің жүйріктігін көрсетті. Төлеби ауданының әкімі Т.Телғараев пен облыс ПД бастығының орынбасары А.Қалдарбековтер сөз сөйлеп, спортшы жастарға, полицейлерге алғыстарын жеткізді. Соңында жеңімпаздар марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.

«Өлі риза болмай, тірі байымас» деген сөзді алға тартқан полицейлер одан әрі жұлдызы ерте сөнген әріптестеріне арнап гүл шоқтарын қою рәсімін өткізді. Бір минут үнсіздікпен еске алды.

– Қызмет бабында қайтыс болған тәртіп сақшыларының есімі әрдайым жүрегімізде. Олардың ерен еңбектері, халықтың тыныштығы үшін атқарған жұмыстары, ерліктері ешқашан ұмытылмақ емес. Осындай азаматтарымыздың батырлық әрекеттері кейінгі жастарға үлгі болмақ, – деп атап өтті А.Қалдарбеков.

Іссапар барысында А.Қалдарбеков Алатау ауылдық округіндегі Модульді учаскелік тірек пунктінің жұмысымен танысты. Учаскелік полиция пунктіне барған ПД бастығының орынбасары ғимараттың материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі, интернет-байланыс және жылумен жабдықтау сапасына, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуына ерекше назар аударды. Одан бөлек учаскелік полиция инспекторларына халықпен тығыз байланыста болып, хал-жағдайларын білуде, олардың мәселелерінен әрқашан хабардар болып отыруда қарқынды қызмет ету керектігін атап өтті.

– Барлық учаскелік тірек пунктері ҚР ІІМ талабына сай болуы тиіс. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды күн тәртібінен түсірмейміз, – деп қорытындылады Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары.

Іс-шара соңында Түркістан облысының қызмет бабында қаза тапқан полицейлерінің әруақтарына құран бағышталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру