Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО блогері барымташыларға тосқауыл болудың тәжірибесі туралы айтып берді

СҚО блогері бақташылар мен полицейлерге барымташыларға тосқауыл болудың тәжірибесі туралы айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысында бақташылар мал ұрыларына қарсы іс-қимылдағы тәжірибелерімен бөлісті. Ауылдықтармен кездесуді Жамбыл ауданы полиция бөлімінің полицейлері «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде ұйымдастырды.

Кездесудегі басты спикер әрі новатор 24 жастағы Асыл Ахметова болды. Шалғай ауылдағы солтүстікқазақстандық блогер соңғы жылдары әлеуметтік желілердегі парақшаларында табиғатқа, жануарларға деген сүйіспеншілігімен бөлісіп жүрген. Жас мұғалім жұмыстан бос уақытында әкесіне жылқы бағуға көмектеседі.

Өткен жылы бейнежазбаларымды әлеуметтік желілерге сала бастадым, содан Қазақстанға танымал болдым. Интернет-дүкендер түрлі ұсыныстар жасай бастады. Міне, солай GPS-трекер туралы білдім. Жылқыларымыз көбіне алысқа ұзап кетеді, ол жақта интернет ұстамайды, бізге спутник арқылы жұмыс істейтін трекер қолайлы болды. Оның көмегімен біз жануардың қай жерде жүргенін, соңғы болған жерін анықтай аламыз, – деді Асыл.

Солтүстік Қазақстан облысында соңғы жылдары мал ұрлығының саны едәуір азайғанымен, ауылдықтар мен полицейлер қырағылық танытуларын жалғастыруда. Өткен жылы облыста 29 мал ұрлау фактісі тіркелді. Талдау көрсеткендей, ұрлық көбіне еркін жайылымнан жасалады.

Облыста қараусыз жүрген жануарларға арналған 230 тұрақ бар.

– Мал ұрлығына қарсы іс-қимыл – аудандағы полиция жұмыстарының негізгі бағыттарының бірі. Мал өсіру – ауыл тұрғындарының басты табыс көзі. Соңғы кезедері профилактиканың үйреншікті әдістерімен қатар заманауи ресурстарды да қолданамыз. Солардың бірі – GPS технологиясын орнату, – деп атап кетті Жамбыл ауданының ПБ бастығы Асан Мейрамов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру