Түркістандық полицейлер 400 мың теңгенің алтын бұйымын ұрлаған әйелді ұстады
Түркістандық полицейлер 400 мың теңгенің алтын бұйымын ұрлаған әйелді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан ҚПБ-ға алтын бұйымдарды сатумен айналысатын сатушы әйел арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз біреу оның сатылымда тұрған екі алтын жүзігі мен сырғасын жымқырып кеткен. Келтірілген шығын 400 мың теңге. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркелді.
Қылмысты дер кезінде ашу мақсатында Түркістан ҚПБ-ның қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер жедел-іздестіру шараларын тиянақты жүргізді. Куәлардан жауаптар алынып, ғимараттағы барлық бейнекамералар жіті қаралды. Нәтижесінде, түркістандық тәртіп сақшылары күдіктінің ізіне түсті. Бір күн ішінде оның түр-тұлғасын анықтап, Полиция басқармасына жеткізді.
Анықталғандай, күдікті жас әйел жергілікті тұрғын болып шықты. Ол оңай жолмен ақша табу мақсатында сатушылардың байқамай тұрған сәтін пайдаланып, алтын бұйымдарды жымқырған.
Бүгінде полицейлер сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізуде. Айғақты зат ретінде күдіктіден ұрланған алтын әшекейлер табылып, заңды иесіне қайтарылды.