«Айшуақ-Жантүгел» ҰҚТ-ның мүшелерін ұстау бойынша арнайы операция өтті
26 наурызда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ҰҚК және БП-мен бірлесіп, сондай-ақ, арнайы жасақ бөлімшесінің қатысуымен Алматы қаласында және Алматы облысында арнайы операция барысында бұрын бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған «Айшуақ-Жантүгел» ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелерін ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жүргізілген арнайы операцияның нәтижелері бойынша ұсталғандардан екі «Калашников» автоматы, бес аңшылық келте мылтық, екі жауынгерлік тапанша, «Калашников» пневматикалық автоматы, «Ф-1» қорғаныс қол гранатасы, оқ өтпейтін екі кеудеше, аңшылық пышақ, түрлі калибрлі 350-ден астам оқ-дәрі, сондай-ақ, 5700 АҚШ доллары және 107 мың теңге сомасындағы ақшалай қаражат тәркіленді.
Қазіргі уақытта ұсталған адамдардың өзге де ауыр және аса ауыр қылмыстарға, оның ішінде қаңтар айының басында орын алған жаппай тәртіпсіздік кезінде жасалған қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Ұйымдасқан қылмыстық топтың басқа да қатысушыларын анықтау және ұстау бойынша жұмыс жалғасуда.
Ұсталған адамдарға қатысты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.