Атыраулық әйелден психотроптық дәрі-дәрмек тәркіленді
Атыраулық әйелден психотроптық дәрі-дәрмек тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қаласының полицейлері 28 наурыз күні 48 жастағы азаматшаның Береке ықшам ауданында орналасқан пәтерінде тінту жүргізу кезінде 114 трамадол дәрісі, 18 лирика пластинкасы, 82 тропикамид дәрі-дәрмектерінің ақ түсті бөтелкесін, 10 сомнол дәрі-дәрмектерінің пластинкасын тәркіледі. Бұдан бөлек, пәтердің жатын бөлмесіне тінту жүргізу кезінде 725 тропикамид дәрі-дәрмегінің ақ түсті бөтелкесі анықталып, тәркіленді.
Сонымен қатар, 35 белгісіз азаматтардың жеке басын куәландыратын түрлі куәліктері мен құжаттары, 1 375 000 теңге ақша табылып, тәркіленді. Азаматшаның айтуынша, ол психотроптық есірткі заттарын қарызға беру үшін тұтынушы азаматтардың құжаттарын кепіл ретінде алып отырған.
– Әккі әрекетке барып, психотропты дәрілерді заңсыз сатқан тұлғалар бір пәтер арқылы тұтынушыларға дәрі сатса, көрші пәтерде ірі мөлшерде психотроптық заттар сақтап отырған. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Тұрғындардан дәл осындай күдік тудырған фактілер туралы деректерді бірден полицияның «102» операторына хабарлауын сұраймыз, – деді Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев.
Айта кетейік, бір ай бұрын Береке ықшам ауданында қанды шприцтер табылып, көпшіліктің наразылығын тудырған болатын. Полицейлер сол ықшам ауданнан психотроптық дәрі сатумен айналысқан әйел адамды ұстап, тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, бақылауға алынғанын хабарлаған еді.