СҚО-да жыл басынан жылдамдық режимін асырғаны үшін 1931 жүргізуші жауапкершілікке тартылды
СҚО-да жыл басынан жылдамдық режимін асырғаны үшін 1931 жүргізуші жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күн райының жылынуымен облыс жолдарында автокөліктердің легі біртіндеп артуда. Осыған байланысты солтүстікқазақстандық полицейлер жол қозғалысы қауіпсіздігіне бақылауды күшейтті. Тәртіп сақшылары жүргізушілерді жылдамдық режимін сақтау, техбайқаудан уақтылы өту және Жол қозғалысы ережелерінің басқа да өрескел бұзушылықтарына жол бермеу қажеттілігін ескертеді.
«Автобус», «Мас жүргізуші», «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» – қаңтардың басынан облыс жолдарында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған бірнеше жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Дегенмен, жыл басынан 35 жол-көлік оқиғасы тіркелген, оның нәтижесінде 11 адам қаза тауып, 50-і түрлі жарақат алған. Көктем-жаз мезгілдерінде жолдағы автокөліктер санының артуына байланысты апаттардың жиі орын алуы ықимал. Сондықтан патрульдік полицейлер профилактикалық жұмысты жандандырды. Түсіндіру жұмыстарымен қатар, олар көлік құралдары қозғалысының жыламдығын өлшейтін құрылғылар, қала сыртындағы жолдарға қойылған патрульдік автокөліктер мен жануарлардың макеттері, сондай-ақ жолдағы жарық-қайтарғыш – катафоттар сияқты жол инфрақұрылым элементтерінің потенциалын белсенді түрде қолдануда.
Жол қозғалысы ережелерінің түрлі бұзушылықтары үшін жыл басынан 16 169 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 1931 жүргізуші – жылдамдық режимін асырғаны үшін, 73 – тұлғаның құжатсыз не басқару құқығын беретін құжатсыз көлік құралын жүргізгені үшін. Сонымен қатар, 229 мас жүргізуші ұсталды. Жалпы апаттылыққа тікелей ықпал ететін Жол қозғалысы ережелерінің 7 246 өрескел бұзушылығы анықталды.
– Жүргізушілер көліктерін пайдалануға барынша жауапты болған жөн. Әсіресе, қала сыртына шығарда фарларының, құрылғыларының дұрыстығын қадағалағаны, жүк салғышында қосалқы дөңгелегінің, домкратының және құрал-саймандарының болғаны, сондай-ақ жылдамдық режимін қатаң сақтағаны дұрыс. Күн жылынысымен жаяу жүргіншілердің қатарына балалардың қосылатынын ескеріп, жүргізушілерді аулаларда, көшелерде абай болуға шақырамыз, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.