Қосшыда көлік басқару құқығы жоқ 17 жастағы мотоциклші анықталды
Қосшыда көлік басқару құқығы жоқ 17 жастағы мотоциклші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
17 сәуірде Қосшы қаласының ПБ ЖПҚБ патрульдік полиция тобының қызметкерлері түнгі сағат 02:00 шамасында елді мекен көшелерінің бірінде кәмелетке толмаған жергілікті тұрғынның басқаруындағы ЗиД-125 мотоциклін тоқтатты. Жас жігіттің көлік жүргізуге құқығы жоқ екені белгілі болды. Полицейлер оқиға орнына мемлекеттік автоинспекторлар мен жігіттің әкесін шақырды.
Кәмелетке толмаған баланың түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс және заңды өкілдерінсіз жүргені үшін 17 жастағы мотоциклшінің ата-анасы Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 442-бабы (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 612-бабы (Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
– Жазғы маусым келісімен жасөспірімдер көлікті өз бетінше жүргізуге белсенді ұмтылады, – дейді полиция қызметкерлері.
Осыған байланысты тәртіп сақшылары А1 немесе А санатындағы жүргізуші куәлігі болған жағдайда мопедтерді, скутерлерді және мотоциклдерді 16 жастан бастап жүргізуге рұқсат етілетінін еске салады. Сондай-ақ, ата-ана мен заңды өкілдер кәмелетке толмаған баланың жүріп-тұруын бақылау қажеттігін есте ұстауы керек.