Жүйіткіген жеткізушілер жол-көлік оқиғаларына себепкер болады
Қазіргі уақытта жол қозғалысына қатысушылар саны күн сайын артып келе жатыр. Ілгеріде қозғалыс қатысушылары көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілер болды, ал енді олардың қатарына скутер, электросамокат, мопед, велосипед жүргізетіндер қосылды. Олардың статусы заңда нақты белгіленбеген, – деп хабарлайды Polisia.kz редакциясы SAQSHY газетіне сілтеме жасап.
Еліміздің ірі қалаларында мотоциклден бөлек, шағын қос дөңгелекті қозғалыс құралдары көп. Әсіресе, курьерлік қызметтер осындай көлік түрлерін көп пайдаланады. Скутер, электросамокат пен мопедтегілердің жаяу жүргіншілер жолымен де, автокөлік жолдарымен де жүре беретінін қала тұрғындары жақсы біледі. Мұндай құралдарды басқаратындардың басым бөлігі жастар. Ал дәл осы қозғалыс қатысушыларымен ЖКО орын алған жағдайда оларды қандай жауапкершілікке тарту керек екені әлі белгіленбеген. Пандемия уақытында қала ішінде артық жүріп-тұруға тыйым салынды. Сол уақытта тамақ және азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізу қызметтері – Яндекс.Еда, Chocofood, Glovo, Walt сияқты курьерлік қызмет көрсету желілері пайда болды. Сол уақытта танымалдылыққа ие болған олардың тасы өрге домалап, қызметтеріне сұраныс төмендеген емес.
Көшеде кетіп бара жатып арқасында сары, көк, қызыл жәшік тәрізді сөмке асынған жеткізушілерді байқаған боларсыздар. Ал осы «тамақ тасушылардың» қанша жол-көлік оқиғасына себепкер болғанын білесіз бе? Осындай оқиға Алматы қаласында жиі орын алады. Тіпті былтыр наурыз айының соңында Яндекс.Еда желісінің курьері апатқа ұшырап, ауруханада көз жұмған болатын. Алматылық мопед мінген әріптестері қала көшелерінде аза тұту шеруімен жүріп өткен еді.
Еске салсақ, 28 наурызда Алматыда мопедтегі курьер бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кетіп, Toyota көлігімен соқтығысқан болатын. ЖКО салдарының бейнежазбасы әлеуметтік желілерде таралды. Апат салдарынан мопедтің жүргізушісі мен жолаушысы жарақат алды. Ал 1 сәуірде мопедте отырған жолаушының ауруханада қайтыс болғаны белгілі болды. Осы оқиғадан кейін желі қолданушылары арасында пікірталас туды. Басым бөлігі және білікті сарапшылар мопедтердегі курьерлерге қойылатын талаптарды күшейтуді ұсынды. Бұл мәселе тек мопедтерге емес, велосипед, скутер, электросамокат айдайтын азаматтарға да қатысты. Осылайша жылдың соңына қарай Алматы қаласы Полиция департаментінің өкілдері осыған ұқсас жағдайлардың жиі орын алатынын айтып, курьерлік қызметпен айналысатын компанияларға ұсыныс жасағандарын да айтты.
Компания өкілдерімен бірнеше мәрте жұмыс кездесуі өтіп, қауіпсіздік ережелері талқыланды. Департамент өкілдері курьерлік қызмет көрсетушілерге курьерлік жәшіктерді нөмірлеуді ұсынған болатын.
– Яндекс пен Chocofood өкілдері алғашқылардың бірі болып кез келген заң бұзушылыққа жол бермеу үшін курьерлерді тәртіпке шақырды. Шешімдердің бірі – курьерлердің жұмыс жәшіктерін міндетті түрде нөмірлеу болды. Оның үстіне келісім бойынша бұл сан әр қырынан әрі қараңғыда да анық көрінуі керек. Өкінішке қарай, біздің тәжірибемізде оқиға орнынан жасырынған, жеткізушілердің қатысуымен болған оқиға көп. Енді куәгерлер жәшікте көрсетілген нөмірді айту арқылы бізге нақты хабар бере алады. Бұл – маңызды бастапқы дерек, – деген болатын сол кезде Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Алмасбеков.
Оның айтуынша, сол кезде-ақ бірнеше курьерлік компания меморандумға қол қойған.
– Соңғы жылдары қаламыздың жолдарында мопедтер, мотоциклдер мен скутерлер көптеп пайда болды. Сондықтан олардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының көбеюі байқалады. Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі – көлікті дұрыс жүргізбеу, арнайы қорғаныс құралдарының болмауы, көлік жүргізу қауіпсіздігі ережелерін сақтамау. Көліктің бұл түрін пайдаланатын курьерлер көбейіп кетті. Олар табыстарын көбейту мақсатында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуға жиі жол беріп, күндіз-түні қала жолдарымен жүреді, – деді Нұрлан Алмасбеков.
Алайда жасалған екіжақты келісімдерге қарамастан, бұл шаралардың шығыны көп екенін алға тартқан курьерлік компаниялар жәшіктерді нөмірлеуді толық жүзеге асырған жоқ. Меморандум жасалған соң қала тұрғындары сары-қызыл жәшіктерде бес таңбалы саннан тұратын тіркеу нөмірлерін байқап жүретін болса, қазір бұл бастама аяқсыз қалғанын департамент өкілдерінен білдік.
Нөмір не үшін қажет? Мұның мәнісі мынада: жеке нөмір әр курьерге бекітіледі. Сонда бейнежазба не фотосуреттерден курьерлердің қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары кезінде жәшіктегі нөмір арқылы курьердің де жеке басын анықтауға оңай болады.
– Курьерлер арасында жәшік-сөмкелерді бір-бірімен ауыстыру, лақтырып кету деректері жиі кездеседі. Одан бөлек, жеткізу компаниялары алғашында ұсынысымызды қолдаса да, қазіргі уақытта жылы жауып қойды. Егер оларға қатысты заң күшейтілмесе, жабулы қазан жабулы күйінде қала береді, – деді Полиция департаменті
Осы тұста департамент өкілімен келіспеске болмас. Шынында да, заңсыздық бассыздыққа жол ашады. Бұл жөнінде тиісті органдарға ұсыныс та жасалған. Айта кету керек, жеткізуші жүргізушілер өздеріне керек болғанда жүргінші жолымен де жүйткіп, жүргіншілер зардап шеккен деректер де аз емес. Оларға ондай жағдайда жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін жүргіншіге салынатын айыппұл көлемінде ғана жаза тағайындалады екен. Бұл бар болғаны – 2 АЕК (2022 жылғы 1 сәуірден бастап бір АЕК 3180 теңге). Оқырманға түсінікті болуы үшін анықтама бере кетсек. «Жол қозғалысы туралы» Заңға сәйкес мопедтерге жану қозғалтқышы 50 текше сантиметрден аспайтын көлік құралдары немесе сағатына 50 км жылдамдықты дамытатын электр қозғалтқыштары жатады. Жоғарыда көрсетілген шектерден асатын көлік құралдары тіркеу есебіне қойылады және басқаруға тиісті санаты бар жүргізушілерге рұқсат етіледі. Мысалы, мотоциклдің жану қозғалтқышының мөлшері орташа 400 текше сантиметрді құрайды. Скутер – қалалық мотоциклдердің бір түрі. Олар сапалы жол жамылғысында қозғалуға арналған. Техникалық ерекшеліктердің бірі – аспалы қозғалтқыш тікелей шабандоз орындығының астында орналасқан.
Енді заңнамаға келсек. Мопедтердің қозғалысына қойылатын талаптар жол қозғалысы ережелерінің 24-бөлімінде белгіленген. Сонымен, осы бөлімге сәйкес мопедтер велосипед жолымен, велосипед жолағымен жүреді. Олай болмаған жағдайда, жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде жолақпен, маршруттық көлік құралдарына белгіленген бір қатармен. Мопед жүргізушілеріне жаяу жүргіншілер өткелімен жүруге тыйым салынады. Сондай-ақ аталған қатысушыларға ең болмағанда рульді бір қолмен ұстамай жүруге, жолаушыларды тасымалдауға, ұзындығы немесе ені бойынша габаритінен елу сантиметрден астам шығып тұратын жүкті немесе басқаруға кедергі келтіретін жүкті тасымалдауға, жанында велосипед жолы болған кезде жолда жүруге, трамвай қозғалысы бар жолдарда немесе осы бағытта жүруге арналған біреуден артық жолағы бар жолдарда солға бұрылуға немесе кері бұрылуға, велосипедтер мен мопедтерді тіркеп, сүйреп жүруге тыйым салынады.
Мопед жүргізушілеріне тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынған. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615-бабының 1-бөлігіне сәйкес жаяу жүргіншілердің немесе жол жүрісіне өзге де қатысушылардың (велосипедтерді, мопедтерді және оларға теңестірілген көлік құралдарын жүргізушілердің) жол жүрісі қағидаларының талаптарын орындамауы екі АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Егер аталған қозғалыс қатысушыларының ЖҚЕ бұзуы жәбірленушінің денсаулығына, қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ зиян келтіруге, не материалдық залал келтіруге әкеп соқса, онда бұл оқиға Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 615-бабының 2-бөлігіне сәйкес саралануға жатады және 10 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде жауапкершілік көзделген.
Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 685-бабына сәйкес жоғарыда көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қараудың ведомстволық бағыныстылығы ішкі істер органдарына (полицияға)жүктеледі. Жергілікті полиция қызметі арнайы талдау жүргізіп, Алматы жолдарында күн сайын 2,5 мыңға дейін электросамокатшылар, мопедшілер мен велосипедшілер жүретінін анықтады. Көліктің үш түрі де мақсатты аудиторияны тапты. Негізінен, бұл – қала ішінде жылдам қозғалғысы келетін, бірақ көлік сатып ала алмайтын жастар және жасөспірімдер. Соңғысы нарықта скутер мен жапондық мопедтер пайда болған кезде апаттар мен ЖКО туралы есепте бірден байқалды.
Көлік жүргізу тәжірибесінің болмауы, батылдық және жол қозғалысы ережелерін білмеу кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған апаттар статистикасының күрт көтерілуіне әкелді. Көбінесе жол-көлік оқиғалары ауыр жарақаттармен және өліммен аяқталды. Мысалы, біздің елде жылдамдығы сағатына 50 километр болатын, ал қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын мопед жүргізушілеріне шектеу қойылмаған. Оларға жүргізуші куәлігінің болуы да міндеттелмеген. Ал көршілес Ресейде 2014 жылдан бастап тіпті қозғалтқышы 50 сантиметрден аз болса да, «М» санатты жүргізуші куәлігін алуға міндеттелген. Яғни, мұнда да жүргізушілер емтихан тапсырып, куәлікке қол жеткізе алады. Бұл құжатты алу скутер, квадрацикл иелеріне де жүктелді. Бірақ көлік құралының иесінде «В» санатындағы жүргізуші куәлігі болса, оған «М» санаты автоматты түрде беріледі. Яғни, сіз автокөлік жүргізе алсаңыз, сізге мопед жүргізуге рұқсат алу үшін қайта емтихан тапсырудың қажеті жоқ.
Сөз соңында жоғарыда аталған көлік құралдарын пайдалану кезінде аса сақ болуды, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды, бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарауды ескертеміз. Алдағы уақытта осы мәселе тағы да көтеріліп, заңнамада аталмыш көлік құралын басқарушыларға қатысты арнайы өзгертулер енгізілуі тиіс деп есептейміз.
Автор: Нұржайнат Хамзаева