Атыраулық полицейлер «Темекіні жеміске ауыстырыңыз» акциясын өткізді
Атыраулық полицейлер «Темекіні жеміске ауыстырыңыз» акциясын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күніне орай, сондай-ақ 30 игі іс аясында «Темекіні жеміске ауыстырыңыз» атты ерекше акция өткізді. Темекіге әуес жандарға одан толықтай бас тартуға шақыратын акция Атырау қаласындағы Береке ықшам ауданында бастау алды.
Арнайы қойылған ыдысқа шылым тастаған адамға темекінің орнына бір қорап жеміс-жидектер табысталды. Аталмыш акцияны өткізуге Атырау қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері, еріктілер де атсалысты.
– Қазіргі таңда шылым шегу өзекті мәселелердің бірі. Сондай-ақ, ол әрекеттің арты қасіретті жағдайларға, нашақорлыққа тәуелділіктің артуына үлкен себеп болуы мүмкін. Әрине акция өз нәтижесін бірден бермесі анық. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл іс-шара енді дәстүрлі акцияға айналмақ, – деді Атырау облысы ПД Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Марат Тағаниязов.