Алматы полициясы түнгі уақытта ересектерсіз көшеде жүрген 15 жасөспірімді анықтады
Алматы полициясы түнгі уақытта ересектерсіз көшеде жүрген 15 жасөспірімді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шаһарда «Түнгі қаладағы балалар» іс-шарасы басталды. Үш күн бойы кешкі уақытта ювеналды полиция қызметкерлері мен учаскелік инспекторлардан құралған арнайы топтар көшелер мен тұрғын үйлердің аулаларын аралап, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересек адамдарсыз жүру деректерін анықтауда.
– Осындай рейдтердің бірі ауданымыздың аумағында, атап айтқанда, Шұғыла сити», Алма сити және Нұрлы Дала тұрғын үй кешендерінің маңында жүргізілді. Оған жергілікті тұрғындардың түннің бір уағына дейін көшеде ойнап жүрген балаларға қатысты шағымдары себеп болған. Рейд нәтижесінде сағат 23.00-ден кейін ересектерсіз далада жүрген 15 жасөспірім анықталды. Мән-жайды анықтау үшін олардың ата-аналары шақырылды, тіптен кейбіреулері баласының түнде қайда жүретініне мүлдем қызықпаған. Ювеналды полиция инспекторлары оларды ҚР ӘҚбК-нің 442-бабы 2-бөлімі (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы), ҚР ӘҚбК-нің 437-бабы 1-бөлімі (Тыныштықты бұзу) және ҚР ӘҚбК-нің 440-бабы (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты, – деді Наурызбай аудандық Полиция басқармасының бастығы Дидар Аханов.
Сондай-ақ, ол бұл күндері сыртқы қызмет күштері ойын-сауық мекемелерінде, компьютерлік клубтарда және басқа да жасөспірімдер көп жиналатын орындарда рейд жүргізетінін айтты. Шараның басты мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу.