Сауранда досының дүкеніне ұрлыққа түскен жігіттер қолға түсті
Сауранда досының дүкеніне ұрлыққа түскен жас жігіттер қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сауран аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның дүкеніне белгісіз біреулер кіріп, ақша мен сусындарды ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 50 мың теңге.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алды. Хабарлама келіп түскен бойда тәртіп сақшылары оқиға орнына бірден жетті. Саурандық сақшылар қылмысты ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Полицейлердің жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, қылмысқа қатысы бар екі жас жігіт, ауыл тұрғындары ұсталды.
Анықталғандай, күдікті екеу арызданушының ұлының досы болып шықты. Олар түнгі уақытта дүкенде ешкімнің жоқтығын пайдаланып, терезеден кіріп, ақша мен сусындарды жымқырып кеткен. Қазіргі таңда жас жігіттерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.