Қызылордада есептегі сотталған мас күйде электронды білезігін үзіп тастаған: іс сотқа жолданды
Қызылордада есептегі сотталған мас күйде электронды білезігін үзіп тастаған, – деп хабарлайды Polisia.kz
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің аудандық, қалалық пробация есебінде тұратын 32 сотталғанға электронды білезік тағылған болатын. Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебіндегі А. есімді сотталған ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі 3-тармағымен (Ұрлық) кінәлі деп танылып, сот үкімімен оған 3 жыл, 6 айға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған.
Жаза өтеуінің бүкіл мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағаттан аспайтын мәжбүрлі еңбек тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленген. Жуырда бұл сотталғанға қалалық пробация қызметімен электронды білезік тағылған. Электронды бақылау құрылғысы тағылса да, ол сот жүктеген міндеттерді орындамай, жаза өтеу тәртібін бірнеше рет бұзып, мәжбүрлі еңбекті атқарудан бас тартқан. Пробация қызметкерлерімен төрт рет ескерту тәртіптік шарасы қолданылған.
Қалалық пробация қызметінің бастығы Жалғас Есмахановтың айтуынша, соттталған бұнымен тоқтамай, масаң күйде болып, электронды құрылғысын өздігінен үзіп тастаған. Пробация инспекторларының планшеттеріне сигнал келіп түскен. Жүргізілген тәрбиелік жұмыстардан еш нәтиже шығармаған сотталғанның құжаттары жинақталып, бас бостандығының өтелмеген мерзімін дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру үшін сотқа ұсыныс жолданды.