Түзеу мекемесіне 100 дана трамодол мен телефон лақтырмақ болған қызылордалық ұсталды
Қызылорда тұрғыны түзеу мекемесіне 100 дана трамодол мен телефон лақтырмақ болған жерінен ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
25 тамызда 07:30 шамасында Қызылорда облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЗК-169/5 мекемесінің қоршауынан Қызылорда қаласының тұрғыны скотчпен оралған 2 дана белгісіз затты лақтыру кезінде мекеме қызметкерлерімен құрықталды.
Жедел түрде 102 нөміріне хабарланып, мекемеге Қызылорда қалалық Полиция басқармасының жедел-тергеу тобы мен учаскелік полиция инспекторы оқиға орнына келді. Тәркіленген затты тексеру барысында ішінен 100 дана трамадол дәрісі мен бес телефон, екі қуаттағыш құрылғысы және төрт насыбай табылды.
Қазіргі таңда аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабына (Қылмыстық-атқару жүйесiнің мекемелерiнде, арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттар, бұйымдар мен нәрселер беру) сәйкес іс-құжаттары процессуалдық шешім қабылдау үшін Қызылорда қалалық әкімшілік сотына жолданды.
– Сотталғандардың пайдалануы мен қолданылуына тыйым салынған заттардың жолын кесу бойынша жұмыстар қатаң бақылауда, жыл басынан сырттан лақтырудың сегіз дерегінің жолы кесілді. Оның 2 дерегіне қылмыстық іс қозғалса, 6 дерегі бойынша сот қаулысымен ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабына (Қылмыстық-атқару жүйесiнің мекемелерiнде, арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттар, бұйымдар мен нәрселер беру) сәйкес ескерту шарасы берілді, – деді мекеме бастығы Мақсұт Өтетлеуов.