«Қазақстан Республикасына қызмет етемін!»: ақпараттық-насихаттық топ жұмысы басталды
ҚР Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұлан ақпараттық-насихаттық тобының «Қазақстан Республикасына қызмет етемін!» республикалық туры Қарағанды қаласынан басталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Құқық қорғау органдары мен құқықтық тәртіп әскерінің әскери қызметшілеріне және өңір азаматтарына ел Президентінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауын және еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін насихаттауды мақсат еткен тур аясында кешенді шаралар өтуде.
Атылмыш топ өз жұмысын Қарағанды облыстық Полиция департаментінің ауласындағы қызмет бабында қаза болған қызметкерлердің құрметіне орнатылған мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қою рәсімінен бастады. Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, Халық Қаһарманы Қайрат Үмбетов пен Қарағанды облыстық Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин бастаған топ қаруластарына тағзым көрсетті. Шараға марқұм болған ержүрек сақшылар Нұрлан Байғаскин мен Қайрат Жұмабековтың жұбайлары арнайы шақырылды. Батырлардың жарларына Ішкі істер министрінің атынан құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды.
«Біз Президент Жолдауындағы басты басымдықтарды насихаттаумен қатар өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм және конституциялық борышқа адалдық рухында тәрбиелеуді мақсат тұтамыз. Сондықтан елінің тыныштығы жолында құрбан болған, антына адалдық танытқан азаматтарға тағзым ету — борышымыз!», – деді Халық Қаһарманы Қайрат Жарылқасынұлы.
Ақпараттық-насихаттық топ одан әрі Майқұдық ауданында орналасқан “Даму мүмкіншіліктері шектелген балаларға арналған балалар үйіне» барды. Мекеме басшылығы балалар үйінің тыныс-тіршілігімен таныстырып, шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Кездесу соңында балалар үйіне сыйлық ретінде Ішкі істер министрлігінің атынан кір жуғыш машина және қазақ тіліндегі кітаптар сыйға тартылды.
«Бұл балалар үйі облыстық Полиция департаментінің үнемі қорғауында. Осы жерде тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерге үнемі қолдау көрсетіп, қолымыздан келгенше көмек қолын созып тұрамыз. Балалар — біздің болашағымыз! Бұған дейін келгенімізде балалар үйінің кітапханасына қазақ тіліндегі кітаптардың жетіспейтінін білген едік. Бүгін ақпараттық-насихаттық топ құрамымен мақсатымыз үндесіп, берген уәдемізді орындап жатырмыз», – деді Ерлан Файзуллин.
Айта кетелік, ақпараттық-насихат тобы Қарағанды қаласының “Достық” мәдениет үйінде әскери қызметшілер мен қала тұрғындарына арнап тегін концерттер қоятын болады. Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің ұжымы мен Құрмет қарауыл ротасы жауынгерлерінің өнері қала жұртшылығын ерекше бағдарламамен қуантады.