Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысының полицейлері бір күнде браконьерліктің екі фактісін анықтады

Қарағанды облысының полицейлері бір тәулікте браконьерліктің екі фактісін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

28 қазанда Қарағанды облысы Абай ауданы ПБ Топар полиция бөлімінің қызметкерлері Қарағанды облысы бойынша Нұра-Сарысу облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының өкілдерімен бірлесіп “Браконьер” жедел-профилактикалық іс-шара жүргізді. Таңғы сағат 5.00 шамасында олар Топар су қоймасы жағынан ауыр жүк тиелген жеңіл көлікті байқаған. Полицейлер 40 жастағы ер адам басқарған көлікті тоқтатты.

Тексеру барысында автокөліктің жүксалғышынан жалпы салмағы 245 келі болатын сегіз қап әр түрлі балық табылып, алынды. Келтірілген шығын көлемі 705 мың теңгені құрады.

Дәл осы күні Балқаш көлінің жағасында Ақтоғай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері сағат 18.00 шамасында моторлы қайықтан әлдебір жүк түсіріп жатқан екі азаматты байқаған. Бұл күдік туғызғандықтан, полиция 25 және 33 жастағы екі ер адамды ұстады. Қайықты тексеру барысында олардан жалпы салмағы 159 келі болатын екі қап пен төрт қорап балық табылып, алынды. Келтірілген шығын мөлшері анықтау жұмыстарын жүргізуде.

Екі факті бойынша да ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабы (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз алу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру