Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ заңгер-студенттерге қылмыстан зардап шеккендерге өтемақы төлеу тетіктері туралы айтып берді

Жәбірленушілерге берілетін өтемақы туралы семинар-дәрісті полиция қызметкерлері М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ және «Тұран-Астана» университеті студенттерімен өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

Болашақ заңгерлерге қылмыстық құқық бұзушылықтан зардап шеккендерге кінәлі адамдарды ұстағанға және сот ісін қарағанға дейін емделуге, жерлеуге және басқа да шұғыл қажеттіліктерге өтемақы төлеуді көздейтін заң туралы айтылды.

«Жәбірленушілерге өтемақы беретін қор туралы» Заң 2020 жылдың шілдесінде күшіне енгені атап өтілді. Ол Қылмыстық Кодекстің 46 бабының 124 қылмыстық құқық бұзушылық құрамы бойынша жәбірленушілердің белгілі бір тобына біржолғы материалдық көмек көрсетудің құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды.

Аталған жаңашылдық енгізілгенге дейін жәбірленушіге келтірілген зиянды өтеу үкім заңды күшіне енгеннен кейін сот шешімі бойынша ғана болды.

Қор мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылмайды, бірақ оны толықтырудың бес көзі бар: сотталған адамдардан мәжбүрлі төлемдер, іс жүргізу міндеттерін орындамағаны үшін сот салатын ақшалай өндіріп алулар, түзеу жұмыстарынан түсетін ақы, регрессиялық талаптар тәртібімен өндіріп алынған ақша және т.б.

– 2020 жылдың екінші жартыжылдығында өтемақы төлемдерін алған жәбірленушілер саны 262 адамды құрады, оларға жалпы сомасы 22,5 млн теңге өтемақы төленді. 2021 жылы – 943 жәбірленушіге 122,5 млн теңгеден астам өтемақы төленді. Ағымдағы жылдың 10 айында 735 жәбірленушіге шамамен 100 млн теңге көлемінде өтемақы төленді, – деп хабарлады ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.

Ол өтемақы төленетін жәбірленушілердің үш санаты туралы айтты:

Біріншісі – жыныстық зорлық-зомбылықтан, адамдардан, адам саудасы мен азаптауға байланысты қылмыстардан зардап шеккен кәмелетке толмағандар. Өтемақы мөлшері шамамен 90 000 теңге;

Екіншісі – денсаулығына ауыр зиян келтірілген немесе адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған адамдар. Өтемақы мөлшері шамамен 120 000 теңге;

Үшінші санат – жәбірленуші қайтыс болған жағдайда жәбірленушінің құқықтары берілген адамдар. Өтемақы мөлшері шамамен 150 000 теңге.

Болашақ заңгерлерге арнайы дәрістер мен семинарларды ІІМ Тергеу департаменті апта сайын өткізеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру