Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавл полициясына мыңнан астам қаңғыбас жеткізілді

Петропавл полициясына жыл басынан бері мыңнан астам қаңғыбас жеткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Үй-күйсіз, қаңғыбастықпен күн кешіп жүрген адамдар қылмыстың, құқық бұзушылықтың объектісі ғана болып қана қоймай, оқыс оқиғаға да тап болуы мүмкін. Ауа температурасының төмендеуіне байланысты тәртіп сақшылары қаңғыбастарды түнгі түнеу орнына жеткізуді күшейтті.

Қыста тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғалар кәріз құдықтарын, жылу трассаларының арасын, көппәтерлі үйлердің кіреберістерін паналайды. Олардың көрген тұрғындардың көзқарасы әр түрлі: бірі ештеңені байқамағандай кейіп танытады, енді бірі азық-түлік беріп көмектеседі. Бұндай санаттағы адамдардың түсініксіз сөйлеуіне ішімдік қана себеп емес, олар күнұзақ ашық аспан астында жүргендіктен, ыстық пен суық ауа райы қатты әсер етеді. Егер шұғыл медициналық көмекке мұқтаж болса “103” нөміріне қоңырау шалу қажет, ал олардың тарапынан құқық бұзушылық жасалған жағдайда “102” арнасына немесе полицияның қабылдау-тарату орнының кезекші бөліміне: 8 (7152) 52-92-99 телефоны бойынша жүгіну қажет.

Жылдың суық мезгілінде қаңғыбастарды жинау тобының міндеті – қылмыстардың алдын алу, хабар-ошарсыз кеткен адамдар мен қылмыскерлерді іздестіру ғана емес, оқыс оқиғаларға жол бермеу. Тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғалар қаланың түрлі аудандарынан жиналып, Жұмысшы кентіндегі 2629-шы шақырым мекенжайында орналасқан түнгі түнеу орнына жеткізіледі.

Петропавл қаласы ПБ қабылдап-тарату орнының бастығы Болат Баймақановтың ақпараты бойынша жыл басынан қалалық полицияға мыңнан астам қаңғыбас жеткізілген. Олардың барлығы криминалистикалық, жедел-анықтамалық есепке қойылады; олардың аты-жөндерін, мәліметтерін іздеудегі қылмыскерлерге және хабар-ошарсыз кеткендерге қатысты ақпаратпен салыстырады. Қаңғыбастардың тарапынан, сондай-ақ оларға қатысты жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу – полицияның сыртқы қызметтерінің тұрақты бақылауында. Аязды күндер келгелі бері бұл жұмыс күшейтілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру