СҚО-да жүргізуші куәлігін «сатқан» алаяқ сотталды
СҚО-да жүргізуші куәлігін «сатқан» алаяқ сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жазда СҚО ПД-ға алаяқтық қылмысын жасады деген күдікпен Көкшетау қаласының тұрғыны ұсталғаны туралы хабарлама түсті.
Бұрын осындай қылмыстар жасағаны үшін сотты болған 35 жастағы ер адам түзелмей, баяғы қылмыстық әрекетіне басқан. Ол адамдарға астанада таныс адамдары барын алға тартып, емтихан тапсырмай-ақ ақшалай сыйақыға жүргізуші куәліктерін алуға болатынын айтқан. Сонымен қатар өзіне жүгінген алғашқы құрбандарына олардың таныстарына да хабарлатқан. Жалпы, алаяқтың қармағына Тайынша ауданының 14 тұрғыны, Ақжар ауданынан бір тұрғын, Көкшетау қаласынан да бір адам іліккен. Адамдар алаяққа ақша аударып, өздеріне, жұбайлары мен балаларына да жүргізуші куәлігін алу үшін тапсырыс берген.
Нәтижесінде СҚО полицейлері алаяқты анықтап, 16 эпизод бойынша материалды сотқа тапсырды. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның сомасы 1,5 миллион теңгеден астам. Сот қаскөйді 3 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Айта кететін болсақ, соңғы кездері алаяқтардың осындай әрекеттері өрши түсті. Петропавлда 3 факті тіркелді. Полицейлер белгіленген процедураларды айналып өтіп алған құжат заңсыз екенін еске салады және күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырады.