Елімізде жыл басынан бері түрлі әкімшілік құқық бұзушылық жасаған мыңға жуық жолаушы пойыздардан түсірілді
Елімізде жыл басынан бері түрлі әкімшілік құқық бұзушылық жасаған мыңға жуық жолаушы пойыздардан түсірілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қандыағаш станциясындағы Желілік полиция бөлімінің қызметкерлеріне «Ақтөбе – Маңғыстау» бағытындағы жолаушылар пойызы бастығының актісі бойынша 53 жастағы құқық бұзушы берілді. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов айтты.
Оның айтуынша, көлік полицейлері тексеру барысында жол-жөнекей ішімдік ішкен Өзбекстан Республикасының азаматын анықтаған. Сондай-ақ шетелдік азаматтың Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын да бұзғаны анықталды.
Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабының 1-бөлігі (Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде пайда болу), ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігі (Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) бойынша бірден екі әкімшілік хаттама толтырылып, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық сотының шешімімен құқық бұзушы ҚР аумағынан тысқары шығарылды. Дәл осындай құқық бұзушылық Семей станциясында да орын алды. Бұл жолы көлік полицейлері бірден қостанайлық үш ер адамды «Өскемен – Астана» бағытындағы жолаушылар пойызынан түсірді. Олардың барлығы ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жыл басынан бері акті бойынша жолаушылар пойыздарынан түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 972 тұлға түсірілді. Оның ішінде қоғамдық орындарда мас күйінде болғаны – 826, темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салуды бұзғаны – 9, сондай-ақ ұсақ бұзақылық жасаған 87 адам болған.