Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордада жүргізуші куәлігін алуға көмектесуге уәде берген алаяқ ұсталды

Елордада жүргізуші куәлігін алуға көмектесуге уәде берген алаяқ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Есіл ауданының полиция басқармасына елорданың бірнеше тұрғыны жүгініп, жүргізуші куәлігін алуға уәде берген адамға қатысты шара қабылдау туралы өтініш білдірген. Жүргізуші куәлігін жасауға жәрдемдесемін деген сылтауымен, алдау арқылы олардың қаражатын иемденген. Ол “клиенттерді” мамандандырылған ХҚКО ауданынан тапқан.

Бірінші жағдайда, қаскүнем мемлекеттік нөмірлік белгіні дайындау бойынша өз қызметін ұсынып, алдау арқылы 33 жастағы астаналықтан 85 мың теңге алған. Екіншісінде, сенімге кіріп, көлік жүргізу және жол қозғалысы ережелерін білу емтихандарын тапсырмай жүргізуші куәлігін алып беруге уәде беріп, елорда тұрғынының 120 мың теңгесін иемденген.

Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде 21 жастағы астаналықты анықтады. Жас жігіт өз кінәсін толық мойындады. Қазіргі уақытта оның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Барлық деректерге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

– Полиция департаменті азаматтарды алаяқтық фактілерінің жиілеп кеткендігі туралы ескертеді және алаяқтардың айла-амалдарына, бейтаныс адамдарға сенбеуге, ақшалай қаражатты, бағалы заттарды, сондай-ақ банктік шоттар мен карталардың цифрлық деректерін ешкімге бермеуге шақырады, – дейді Есіл ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы Мұрат Әбшекенов.

Қазіргі уақытта жәбірленушілердің саны анықталып жатыр. Егер сіз аталған адамның әрекетінен зардап шеккен болсаңыз полицияға телефон арқылы хабарласыңыз:

716 557, 716 558, 8 771 900 20 66 немесе 102.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру