Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да қараусыз жүрген жылқылардың иесі жауапқа тартылды

СҚО-да WhatsApp-чаттан келген хабарламадан кейін қаңғыбас малдың иесі жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

“Қайырлы күн! Қаңғыбас жылқылар туралы кімге хабарлауға болады? Маңайдағы қоршауымды сындырды”. Мұндай хабарламаны Солтүстік Қазақстан облысы Есіл аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері WhatsApp мессенджеріндегі ауылдық чаттардың бірінде байқады. Бұл ақпарат учаскелік полиция инспекторы Арман Сатеновке берілді.

Учаскелік полиция инспекторы чаттарда сауалын жолдаған тұрғынмен байланысып, Явленка ауылының шетінде орналасқан мекенжайға барды. Сол жерде ол жылқылар мен иесін тапты. Нәтижесінде жылқылардың иесіне мал жаю ережелерін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды; баптың санкциясы үш АЕК мөлшерінде айыппұл салуды көздейді. Сондай-ақ ер адаммен профилактикалық әңгіме жүргізілді.

– Мұндай фактілер жиі кездеседі. Жұмыстың сервистік моделі аясында полиция бөлімінің жеке құрамы тұрғындардың қоңырауларына ғана емес, әлеуметтік желілердегі, мессенджерлердегі полицияның құзыретіне кіретін хабарламаларға да жедел ден қояды. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, заңнаманы түсіндіру бойынша үнемі профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Естеріңізге сала кетейік, қаңғыбас жануарлар арнайы мал қамайтын орындарға қамалуы мүмкін. Ауыл тұрғындарына жануарларды қараусыз қалдыруға болмайтынын еске саламыз. Олар ұрылардың объектісіне айналуы немесе қайғылы салдармен аяқталуы мүмкін жол-көлік оқиғасына себеп болуы ықтимал, – деп атап өтті Есіл аудандық полиция бөлімінің бастығы Ерлік Есләмбеков.

Соңғы 12 айда СҚО-да 10400 астам ауыл шаруашылық жануары арнайы қораларға орналастырылды, еркін жайылымға жол бергені үшін облыстың 4334 тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру