Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Есірткіні такси арқылы жолдаған Жамбыл облысының тұрғыны 10 жылға сотталды

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 48 жастағы Жамбыл облысының тұрғынына қатысты сот үкімі шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Белгілі болғандай, ол Жамбыл облысындағы жайылымдардың бірінде өздігінен өсіп тұрған жабайы, құрамында есірткі заттары бар қарасораны жұлып, кептірген. Жалпы салмағы 14 грамды құрайтын, яғни аса ірі мөлшердегі есірткі заты – марихуананы өткізу мақсатында заңсыз алып иемденген, сақтаған және тасымалдаған.

Өзінің қылмыстық әрекеттерін әрі қарай жалғастыра отырып, 2022 жылдың сәуір айында есірткі затын өткізу мақсатында InDrive қосымшасы арқылы Шымкент қаласы бағытындағы жолаушылар тасымалымен айналысатын таксиге салып жіберген. Дегенмен, оның ойы іске аспай, есірткі заттары сақталған такси автокөлігі Шымкент қаласындағы автобекеттердің бірінде полиция қызметкерлері ұстаған.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында такси жүргізушісі есірткі заттарын өзіне салып жіберген қорапты ашпағанын және оның ішінде не болғанын білмейтінін, жөнелтуші ішінде киімдер мен тамақ бар деп айтқанын көрсеткен. Сондай-ақ полиция қызметкерлеріне жөнелтушінің деректерін көрсетіп, есірткі заттарын өз еркімен тапсырған.

Жөнелтуші өзінің кінәсін толық мойындап, басты сот талқылауында бұл әрекеттеріне өкінетінін жеткізген. Соттың үкімімен айыпталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілерімен кінәлі деп танылып, оған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотпен сотталушының жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтеу белгіленді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру