Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері мен банк өкілдері интернет-алаяқтарға қарсы күресті талқылады

Солтүстікқазақстандық құқық қорғаушылар екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарының басшылығымен жұмыс кездесуін өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаровтың төрағалығымен өткен кеңеске облыс прокурорының орынбасары Сәкен Жорабеков, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өңірлік өкілдігі басқармасының бастығы Алма Дәуренбекова, ведомствоаралық қоғамдық қауіпсіздік бойынша топтың жетекшісі Сәуле Тоқышева, банктердің басшылары мен қауіпсіздік қызметтерінің жетекшілері қатысты. Қозғалған мәселе – интернет-алаяқтықпен күресу.

СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев хабарлағандай, Солтүстік Қазақстан облысында мұндай қылмыстардың саны 2017 жылы 61 фактіден 2022 жылы 781 фактіге дейін өскен. Ең көп шығын “банктен қоңырау шалу” схемасы бойынша келтірілді. Қылмыскерлер адамдарды миллиондаған несие алуға және ақшаны алаяқтардың өздеріне тиесілі “резервтік шоттарға” аударуға көндіреді.

Өткен жылы облыста осындай 291 факті тіркелді. Құқық қорғаушылар несие беру рәсімін жетілдіру мәселесін көтерді. Банк секторы өкілдерінің айтуынша, менеджерлер үшін тиісті нұсқаулар әзірленіп жатыр – олар клиенттің үшінші тұлғалардың қысымынсыз қарызды рәсімдегелі жатқанына көз жеткізуі тиіс. Диалог барысында желілік алаяқтармен күрестегі негізгі мәселелер айтылды.

Мәселен, қылмыскерлер бірнеше минут ішінде заңсыз жолмен келген қаражатты бөгде адамдарға (дропперлер) рәсімделген банк карточкаларынан шешіп алады. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің алаяқтардың жасаған транзакцияларына қатысты мәліметтерін алуы үшін айтарлықтай ұзағырақ уақыт қажет.

Тағы бір маңызды мәселе — халықтың құқықтық және қаржылық сауаттылығының болмауы. Полицейлер ақпараттық жұмысты күшейтуді, адамдарға алаяқтардың жалпы схемаларын және Азаматтық кодексте көзделген банктік заемға қатысты дауласу мүмкіндігін түсіндіруді ұсынды. Сондай-ақ ұсыныстар арасында дропперлерді анықтау, ресми сұраулар бойынша жауап алу уақытын қысқарту үшін жедел ақпарат алмасу бар.

Қоғамдық қауіпсіздік жөніндегі ведомствоаралық топқа облыс әкімдігінде халық үшін қосымша көрнекі ақпаратты орналастыру мәселелерін қарау ұсынылды. Кездесу соңында Руслан Назаров кездесуде айтылған ұсынымдар дереу банктердің бас офистеріне қарауға жіберілетініне сенім білдірді. Тек күш біріктіріп қана интернет-алаяқтықтың өсуіне тосқауыл қоюға болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру