Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Таразда қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қарулар сақталған орын табылды

Таразда қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қарулар сақталған орын табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

25 қаңтарда Жамбыл облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел ақпаратты жүзеге асыру барысында тағы да қару-жарақ жасырылған құпия орынды анықтады. Тараз қаласының аумағындағы Арай алқабында арықты жағалай өскен қамыс арасынан қаңтар оқиғасы кезінде облыстық полиция департаментінің ғимаратынан ұрланған Hatsan Escort PS 12 мм калибрлі бір ауызды тегіс ұңғылы мылтық және бір ауызды 12 мм калибрлі Maverick тегіс ұңғылы мылтығы, 16 мм калибрлі ИЖ-18 бір ауызды тегіс ұңғылы шолақ мылтық табылды.

Қазіргі таңда аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 287-бабының 3-бөлігі (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Сот-баллистикалық сараптамасы тағайындалды.

Қаңтар айында ғана республиканың есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл қызметкерлері қару-жарақ сақталған бес жасырын орынды тапты. 6 тегіс ұңғылы қару, 3 тапанша, 3 кесілген шолақ мылтық, 2 газ тапаншасы, бір карабин, әртүрлі модификациядағы 10 граната, 400-ден астам патрон тәркіленді.

– Барлық деректер бойынша қылмыстық іс қозғалды, сот-баллистикалық сараптамалар жүргізіліп жатыр. Полиция департаменті қару-жарақ пен оқ-дәрілерді өз еркімен тапсыру, сондай-ақ қарудың орналасқан жері туралы ақпарат беру, егер басқа да құқық бұзушылықтарға қатысы болмаса, заң бойынша жауапкершілікке тартылмайтынын ескертеді. Анонимділікке кепілдік беріледі,- деп атап өтті Жамбыл облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру