Полицейлер Алматы облысында есірткінің ауқымды өндірісін ұйымдастыру әрекетін тоқтатты
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті қызметкерлері Алматы облысындағы әріптестерімен бірлесіп, Іле ауданында есірткі зертханасын құру әрекетін тоқтатты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Междуреченск кентінің маңындағы күдікті құрылыс полицейлердің назарын аударды. Бақылау барысында белгісіз адамдардың бір гектар жерді тас қоршаумен қоршап, ауыл шаруашылық қажеттіліктері үшін қажет емес жабдықтар әкеліп, трансформаторды электр желісіне қосқаны анықталды. Содан кейін прекурсорлар құйылған 20 канистрді тасымалдау кезінде полицейлер екі жергілікті тұрғынды ұстады.
Ұсталғандардың айғақтары бойынша бұрынғы ферманың бір гектар жер учаскесін олардың серігі 18 млн теңгеге сатып алған. Учаске биік қоршаумен бөтен көздерден толығымен жасырылған, тұруға арналған уақытша үй-жай, монша, гараж салынған, ұсталғандар бүркеме ретінде қолданбақ болған малға арналған қора жабдықталған.
Зертханаға арналған бөлек үй-жай салынған. Темір есіктің ар жағында бірнеше тарапқа бөлінген бөлмелер бар, олардың әрқайсысы жасанды желдетумен және қуатты сүзгілермен жабдықталған. Дайын есірткіні буландыруға арналған сөрелер орнатылып, жабдықтар әкелінген.
Есірткі өндіру үшін пайдаланылатын өнеркәсіптік жабдықтар мен 1000 литрден астам прекурсорлар тәркіленді.
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов түсіндіргендей, ішкі істер органдарының бірінші кезектегі міндеті қылмыстардың жолын кесу, олардың салдарынан болатын зардаптың деңгейін төмендету болып табылады. Сондықтан полицейлер оның алдын алып, есірткі өндірісінің басталуына жол бермеді.
ҚР ҚК-нің 296-бабы бойынша есірткіні өткізу мақсатынсыз аса ірі мөлшерде заңсыз дайындағаны, өңдегені және тасымалдағаны үшін қылмыстық іс қозғалды, ол үшін жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.