Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

3 жылдан бері әкімшілік жауапкершіліктен қашып жүрген жүргізуші ұсталды

Түркістан облысында үш жылдан бері әкімшілік жауапкершіліктен қашып жүрген жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түлкібас ауданының полиция қызметкерлері 2020 жылы мамыр айында Т. Рысқұлов ауылында мас халде көлік басқарған жүргізушіні анықтаған болатын. Ал медициналық зерттеу тұрғынның “ауыр дәрежелі” мастығын растаған.

Аталған жайт ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен тіркеліп, жинақталған құжаттар заңды шешім қабылдау үшін Түлкібас аудандық сотына жолданған. Алайда кінәлі жүргізуші оған қатысты шешім шықпай тұрып, жасырынып үлгерген.

Яғни, үш жылдан бері ізін суытып, қашып жүрген. Ал полицейлер бұл жүргізушінің жүрген жерін анықтап, жауапқа тарту мақсатында жылдар бойы іздестіруді тоқтатпады. Осы жылдың наурыз айының басында жүргізушінің Сарыағаш қаласы аумағында жүргені бойынша жедел ақпарат түсіп, 2 бірдей учаскелік полиция инспекторы қызметтік іссапарға шықты. Полицейлер ақыры оның ізіне түсіп, жүрген жерін анықтады.

Нәтижесінде жауапкершіліктен жалтарып жүрген тұрғын Алматы – Ташкент – Термез тас жолы бойында кетіп бара жатқан туысының жүк көлігінде жасырынып жатқан жерінен анықталып, полицияға жеткізілді. Мас жүргізуші Түлкібас аудандық сотының қаулысымен ҚР ӘҚБтҚ-нің 608-бабына сәйкес, көлік басқару құқығынан 7 жылға айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру