Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұшақта балағат сөздер айтқан жолаушыға айыппұл салынды

Мәскеу – Алматы әуе рейсінің жолаушысы ұшақта балағат сөздер айтып, полиция қызметкерлеріне бағынбаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мәскеу – Алматы бағытындағы әуе рейсі ұшып келгеннен кейін Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөліміне жолаушылардың біріне қатысты шара қабылдау туралы “Scat” әуекомпаниясының өкілі шағымданды. Компания өкілінің айтуынша, ер адам ұшақ бортында өзін дөрекі ұстап, балағат сөздер айтқан және экипаждың талаптарына бағынбаған.

Көлік полицейлері тексеру кезінде Алматы қаласының 35 жастағы тұрғынын анықтады. Ол сондай-ақ полиция бөлмесіне жеткізу барысында ЖПБ қызметкерлерінің заңды талабына бағынбаған.

Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы (Ұсақ бұзақылық), 566-бабы (Әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын бұзу), 667-бабы (Құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау) бойынша бірден үш әкімшілік хаттама толтырылып, 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Ұсақ бұзақылық пен бағынбау бойынша материал шешім қабылдау үшін Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың наурыз айынан бастап қоғамдық орындарда балағат сөздер айтқаны үшін айыппұл мөлшері 69 мың теңгеге дейін және қамауға алу мерзімі 30 тәулікке дейін ұлғайтылды. Полиция қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау – 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру