Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тергеу қызметі – тегеурінді жүйе

Тергеу – ең ауыр, ең күрделі қызметтердің бірі. Бұл саланың тарихы да тереңнен бастау алады.

Тікелей адам тағдырын шешетін тергеушілердің маңыздылығы мен ішкі істер органдарындағы орны туралы Polisia.kz сайты тілшісінің материалында.

1963 жылдың 6 сәуірінде тергеу жүргізу өкілеттігі КСРО-ның Жоғарғы Кеңес президиумының шешімімен сол кездегі Қоғамдық тәртіп министрлігіне жүктелді. Кейіннен оның атауы Ішкі істер министрлігіне өзгертілді. Осы сәттен бастап, Ішкі істер органдарының дербес тергеу аппараты өз жұмысын бастады. Cол жылы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Тергеу басқармасының бірінші бастығы болып Қабыш Баялин тағайындалды.

20 жылға жуық ғұмырын осы қызметке арнаған Қабыш Кәрімұлы қазақ тергеушілері үшін нағыз «аңыз тұлғаға» айналды. Зейнет демалысына шыққанға дейін ол жас қызметкерлерге жол сілтеп, өзі бастаған көштің берік әрі мықты болуына атсалысты.

Алғашқы жылдары «буыны қатпаған» тергеу қызметінде көптеген қиындықтар болды. Сондықтан ең бірінші кезекте қалалық, аудандық ішкі істер органдары басшыларының тергеу жөніндегі орынбасарлары лауазымы бекітіліп, білікті мамандардан штат жасақтала бастады.

1973 жылы 19 қарашада КСРО Ішкі істер министрінің бұйрығымен алғаш рет «Тергеу бөлімі туралы ереже» қолданысқа енгізілді. Тергеу қызметінің және оның қызметкерлерінің қызметтік міндеттері айқындалды. Жұмысты жақсарту мақсатында қылмыстың жекелеген түрін тергеуге маманданған бөлімдер ашылды. Социалистік меншікті ұрлау қылмыстарын, өрт және жол-көлік оқиғаларын тергеу үшін ең білікті тергеушілер сол бөлімдерге жіберілді.

1978 жылы Ішкі істер министрлігіне кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстарды тергеу құқығы берілді. Тергеу аппараты ішкі істер органдары жүйесіндегі біртұтас функционалдық құрылымға айналды. Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Ішкі істер министрлігінің Бас тергеу басқармасы елдегі барлық тергеу бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастырып, басшылық етті.

Қызметтегі түрлі өзгерістер мен қиындықтарға қарамастан тергеушілер өз міндеттерін адал орындады. Қылмыс орындарына барып, айғақтар мен дәлелдемелер жинап, күдіктілерден жауап алды.

Кеңес дәуірінде жантүршігерлік қылмыстар аз болмады. Ұрылар мен қарақшылардан бөлек, «адам етіне жерік» каннибалдар тұтас елді үрей құшағында ұстады. Солардың бірі – Николай Жұмағалиев. 1979 жылдан 1990 жылдардың басына дейін айласын асырып келген қанішерден, оның қылмыстарына куә адамдардан жауап алу да тергеушілер үшін оңайға соқпады…

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін еліміздің тәуелсіздігімен қатар тергеу аппаратының да дербес даму кезеңі басталды. Бірақ алғашқы сәттен-ақ ішкі істер органдары үлкен сынаққа ұшырады. Әлеуметтік жағдайдың төмен болуына байланысты Қазақстанда қылмыстық топтар бас көтеріп, қанат жайды. Қылмыскерлер заңның осалдығын пайдаланып, еркін әрекет етті.

Бассыздықты жойып, ұйымдасқан қылмыстық топтарды құрықтау мақсатында 1995 жылы Қазақстанда тергеу органдарының елеулі реформасы жүргізілді. Осы жылдың 6 қазанында Президент Жарлығымен республикада Мемлекеттік тергеу комитеті құрылып, жеке дара ведомствоға айналды.

Алайда басқа қылмыстардың назардан тыс қалуына, ішкі істер органдарымен өзара байланыстың болмауына және басқа құқық қорғау органдарымен бәселекестіктің орнауына байланысты 1997 жылы 5 қарашада Мемлекеттік тергеу комитеті таратылып, ондағы тергеу аппараты Ішкі істер министрлігі жүйесіне берілді.

Кейіннен алдын-ала тергеу жүргізуге құқығы бар басқа да органдар анықталды. Олар Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттіктері болды.

2015 жылы Қазақстан Республикасы қылмыстық сот өндірісінің негіздері түбегейлі қайта өңделіп, жаңа Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық-процестік кодекс қолданысқа енді. Осы орайда алдын-ала тергеудің орнына сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүйесі енгізілді. Бұл қылмыстық іс жүргізу барысын электронды форматқа ауыстыруға алғашқы қадам болды.

Заман ағымымен келген өзгеріс қылмыстық процестің ашық болуына, жалған құжаттарды жасау қауіптерін барынша азайтуға, онлайн режимде жүйелік ведомстволық бақылау мен прокурорлық қадағалауды жүргізуге мүмкіндік берді.

Жаңа кезеңге аяқ басқан сайын тергеушілердің де біліктілігі артып келеді. Оған дәлел – 2020 жылы ашылған қоғамда резонанс тудырған қылмыстар. Оның бірі – республикамыздың 15 өңірінде 18 мыңға жуық адамға 30 млрд-тан астам теңгеге шығын келтірген қаржы пирамидалары. Тергеу қызметі 30-дан астам қылмыстық істі тіркеп, күдіктілердің кінәсін дәлелдеп, жәбірленушілерге келтірілген шығынды қайтару үшін үлкен жұмыс атқарды.

Осындай тағы бір мысал – Бахрейнде адам саудасымен айналысқан қылмыстық топтың әрекетіне қойылған тосқауыл. Ішкі істер министрлігі қыздарды сексуалдық құлдықта ұстағандарды әшкерелеп, жәбірленушілердің елге оралуына көмектесті. Бұл істің ашылуында да тергеушілер маңызды рөл атқарды.

Бүгінде 60 жылдық тарихы бар тергеу қызметі – ішкі істер органдарындағы негізгі салалардың бірі. Қылмыстық процестің үш буынды моделі бойынша жұмыс істейтін бұл жүйе жылдан жылға дамып келе жатқанын айта кеткен жөн. Қазақстандық тергеушілердің жұмысына шетелдік озық тәжірибелер енгізіліп, халықаралық қатынастар нығайтылуда. Көршілес елдердің тергеу қызметтерімен, Интерпол ұйымымен байланыс жолға қойылған.

Тергеу бөлімшелері қызметкерлерінің қоғамдық қауіпсіздікті нығайтып, азаматтарымыздың құқықтарын сақтап, жұмыстарына адал болуына бар жағдай жасалуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру