Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мұхаран Әміров: «Тергеу қызметі табандылықты талап етеді»

Өмірін ішкі істер органдарындағы қызметке арнаған ардагер, білікті маман, полиция генерал-майоры Мұхаран Әміров Polisia.kz сайтының тілшісіне берген сұхбатында тергеушінің қандай болуы керек екенін айтты.

Бүгінде зейнет демалысындағы «тергеуші» өзінің еңбек жолын 1980 жылы бастаған. 2009 жылға дейін Қазақстанның бірнеше өңірінде түрлі лауазымдағы қызметті атқарып, кейіннен 2011 жылға дейін Ішкі істер министрлігінің тергеу комитетінің төрағасы болған. 2014-2019 жылдары аралығында ведомствоның тергеу департаментін қайта басқарған.

– Ішкі істер органдарында ең қиыны да, ең жауаптысы да бұл – тергеушінің жұмысы. Неге дейсіз ғой? Іздестіру бөлімінің қызметкерлері де, кезекшілер де болған іс бойынша құжаттарды жинап, тергеу бөліміне тапсырады. Барлық жасалған жұмыстың қорытындысын тергеуші шығарады. Ал жауаптылығы – тергеуші адамның тағдырын шешеді. Кінәсіз адам нақақтан-нақақ қылмыс орбитасына тартылып кетпеуі керек. Өмір де бір жерде тоқтап тұрмайды. Заң өзгереді. Өзін-өзі дайындап отырмаса, оқып, ізденіп тұрмаса, тергеушіге қиын болады. Ол әртүрлі істерді тергеуге дайын болуы тиіс, – деді ардагер.

Мұхаран Әміровтің тергеу қызметіне бұлай баға беруі де тегін емес. Себебі ол кезекші бөлімдегі кезекшілердің, жедел-іздестірудегі жедел уәкілдердің, көшедегі инспекторлардың, жалпы айтқанда салалық бөлініс қызметкерлерінің барлығының жұмысымен жақын таныс.

– Ішкі істер министрлігінің сол кездегі басшыларының шешімі бойынша, Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша тергеу қызметін екі рет басқардым. Алғашқысында тергеу комитеті болды. Кейін департамент болып өзгерді. Әрдайым осы кезеңдерді салыстырып жүремін. 2009-2011 жылдары төраға болып отырғанымда елімізде жол-көлік оқиғалары өте көп болды. Жол апаттарына байланысты арыз-шағымдар көптеп түсетін. Апта сайын әрбір төртінші күні біз азаматтарды қабылдайтынбыз. Ал 2014-2019 жылдар аралығындағы мерзім мүлдем басқаша еді. Бұл кезеңде алаяқтық өршіді. Келіп түсіп жатқан шағымдардың барлығы қылмыстың осы түріне байланысты болатын. Тіпті туыстардың, ағайындардың арасында алдау-арбау жиі кездесетін, – деп еске алды Мұхаран Серікұлы.

Кейіпкеріміздің сөзінше, сол жылдары полиция мен прокуратураның негізгі күші алаяқтарға алданғандардың мәселесін шешуге және мұндай жағдайларды болдырмауға жұмылдырылған.

Әміров Мұхаран Серікұлы

– Тергеу департаментін тізгіндеген жылы заңға қол қойылып, жаңа Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық істер жүргізу кодексі бекітілді. Бірақ ол 2015 жылдың қаңтарынан іске асуы керек болатын. Жарты жылдың ішінде жеке құрамды сол өзгерістерге толық үйретіп шығуға міндетті едік. Былайша айтқанда, бәрін жаңадан бастауға тура келді. Түрлі дәрістер мен сабақтар өткізіп, қызметкерлердің арасында емтихан да қабылдадық, – деді ағынан жарылып генерал.

Қызығы мен шыжығы қатар жүретін тергеу саласының қызметкерлері табанды болуы керек деп есептейді ардагер.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру