Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ басшысы Павлодар тұрғындарына қызмет көрсетуге арналған полицияның жаңа пунктін тексерді

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Павлодар облысына жұмыс сапарымен барып, «Полиция жұмысының қазақстандық сервистік моделі» пилоттық жобасының іске асырылу барысымен танысты, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

Ведомство басшысына қоғамның қажеттіліктерін ескере отырып, жаңа форматта жұмыс істейтін қазіргі заманғы учаскелік полиция пункті таныстырылды. Азаматтар «полиция кеңсесіне» көмек сұрап, сондай-ақ полиция қызметіне қатысты барлық мәселелер бойынша жүгіне алады.

Мұнда қызмет атқару және азаматтарды қабылдау үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Жаңашылдықтардың бірі – кеңседегі ана мен бала бөлмесі. Керек жабдықтардың бәрі бар, қызмет көрсетілетін аумақта бейнебақылау жүйесі іске қосылған.

Учаскелік полиция пунктінің жанында ішкі істер министрі жергілікті тұрғындармен кездесті.

– Бұл – адамға бағдарлану. Күдіктілер мұнда жеткізілмейді. Орталық халыққа сапалы қызмет көрсету үшін құрылған. Халық полицияны досы, көмекшісі, қорғаушысы ретінде көруі қажет, – деді Марат Ахметжанов.

«Достық» үйінде аймақ әкімі Асайын Байхановтың, полиция департаментінің бастығы Василий Склярдың, ІІМ қоғамдық кеңесінің мүшелері мен облыс белсенділерінің қатысуымен өткен жиында ведомство басшысы полиция жұмысының сервистік моделін дамыту, оның ішінде қағазбастылыққа емес, адамға бағытталған жүйені қалыптастыру мәселелерін талқылады.

Шара барысында министр Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен әріптестікте қамтамасыз ету жөніндегі тұжырымдама туралы айтты. Құжат ведомствомен халыққа қызмет көрсетудің сервистік моделіне көшу шеңберінде әзірленіп жатыр.

Марат Ахметжанов Тұжырымдаманың негізгі үш стратегиялық бағытын атап өтті:

✓ азаматтардың өмірі, денсаулығы мен мүлкінің қорғалу деңгейін арттыру;

✓ құқық бұзушылықтың алдын алудың тиімді жүйесін құру;

✓ полицияны қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі заманауи ұйымға айналдыру.

Тұжырымдаманың басты ерекшелігі – оны әзірлеу тәсілдерінің өзгеруі. Құжатты дайындауға бірінші кезеңнен бастап халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар, тәуелсіз сарапшылар, ғылыми қоғамдастық, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылық тартылуда. Осылайша тұжырымдамада қоғамның нақты қажеттіліктері ескерілетін болады. Бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасына сәйкес келеді.

Тұжырымдаманың тағы бір маңызды тұсы – мұнда құқықтық тәртіп көрсеткішіне әсер ететін барлық салалар қамтылатын болады. Қылмыс деңгейіне 250-ден астам әлеуметтік, экономикалық, географиялық, көші-қон, табиғи, мәдени, демографиялық және басқа да факторлар әсер ететіні ғылыми түрде дәлелденген.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру