Түркістан тұрғыны танысын алдап, ақшасын иемденіп алған
Түркістан тұрғыны танысын алдап, ақшасын иемденіп алған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын өзінің алданып қалғаны жөнінде шағымданған. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, таныс әйел мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант алып беремін деп алдап, алдын ала 600 мың теңге қаражатын алған. Алайда арада біршама уақыт өтіп, уәдесін орындамаған танысы күн санап түрлі сылтауларды айтып, уақыт создырған.
Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алды. Тәртіп сақшылары тұрғынды алдап, ақшасын алып кеткен алаяқты қолға түсіру, қылмысын ашу мақсатында жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Мұқият тексеру жұмыстары жасалып, полицейлер бір тәулік ішінде күдіктінің жеке басын анықтады.
Нәтижесінде күдікті әйел жергілікті тұрғын болып шықты. Ол оқиғаның мән-жайын анықтау үшін полицияға жеткізілді. Белгілі болғандай, ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген. Қазіргі таңда оның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.