Түркістан облысында ұрлық жасаған күдікті қамауға алынды
Түркістан облысында ұрлық жасаған күдікті қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызбен шағымданған. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, белгісіз біреу үйіне заңсыз кіріп, жатын бөлмесінде тұрған ақша мен алтын жүзігін ұрлаған. Оған келтірілген шығын көлемі 80 мың теңгеге жуық.
Тәртіп сақшылары аталған деректі ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алды.
Істі ашуға жылдам кіріскен тәртіп сақшылары оқиға орнына барып, қажетті жедел-тексеру шараларын жасады. Көрген-білгендерден сұрастырды. Нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталды. Ол жетісайлық тұрғын болып шықты.
Белгілі болғандай, күдікті ер адам алтын мен ақшаны өз пайдасына жаратып жіберген. Сондай-ақ тергеу барысында бұрын қылмыс жасағаны үшін сотты болғаны анықталды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды.